2019 жылғы үздік тергеуші мен анықтаушының кім екендігі белгілі болды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Б. Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясында Қазақстанның үздік тергеушілерінің Республикалық слеті болып өтті. Олар - анағұрлым көп қылмыстық істерді сотқа жіберген, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде істердің сапасы мен заңдылығын қамтамасыз еткен қызметкерлер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Слеттің қорытындысы бойынша 2019 жылдың үздік тергеушісі болып Алматы қаласы полиция департаменті Медеу ауданы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Сабыржан Сексенбаев танылды.
Ал Нұр-Сұлтан қаласынан полиция майоры Әскербек Мұхамбетқалиев ең үздік анықтаушы атанды.
Слеттің 40 делегаты ІІМ Академиясының студенттерімен өз тәжірибелерін бөлісті. Олар соңғы курстарға арналған шеберлік сыныптарын өткізді, тергеу қызметінің аймақтық ерекшеліктерін ескере отырып, практикалық ұсыныстар берді.


«Ішкі істер органдарында тергеушілер мен анықтаушылардың үлесіне жасалған қылмыстық істің 90% тергеу ауыртпалығы жүктеледі. 2019 жылы 493 мың қылмыстық іс өндірісте болып, мұндай жүктеме еңбекті ұтымды ұйымдастыруды, əдісті жəне келісілген қызметті талап етті», - деп атап өтті ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Ішкі істер министрлігі тергеу қызметкерлерінің жұмысына тиісті жағдайлар жасау бағытында, оның ішінде жалақыларын 55% арттырып, тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы төлеу бойынша тиісті жұмыстар атқарып жатыр.
Сонымен қатар, тергеу қызметін жетілдіру əлеуеті сақталады. БАҚ жəне бұқарамен жұмыс істеудің жаңа тəсілдерін меңгеру қажет, жергілікті бөліністерді жоғары технологиялық құралдармен қамтамасыз етіп, қолжетімді ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалануды ұйымдастыру міндеті тұр.
Слетке қатысушылар тергеу бөліністері құқыққорғау қызметіндегі маңызды мəселелерді шешетіндігі, кінəсіздік призумциясын қамтамасыз ететіндігі, сонымен қатар жасалған қылмыс үшін жазадан бұлтартпау қағидатын сақтайтындығын атап өтті. Сондықтан ведомстволық оқу орындары үшін тергеушілерді даярлау - жауапты миссия. Қазіргі таңда бес оқу орнының ішінде бакалавриат жүйесі бойынша тергеушілерді даярлауды тек ІІМ Қарағанды академиясы ғана жүзеге асырады.
Қарағанды академиясының бастығы Ақынқали Дәрменов өз мамандығы бойынша үздік деп танылған тергеушілердің көпшілігі – Академия түлектері екенін мәлімдеді. Жалпы жоғары оқу орны құрылғаннан бері мұнда дипломды 22 мыңнан астам адам алды.

