2020 жылдары 1 миллионнан астам бүлдіршін балабақшамен қамтылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылдары 1 миллионнан астам бүлдіршін балабақшамен қамтылады.

2020 жылдары 1 миллионнан астам бүлдіршін балабақшамен қамтылады

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлім етті.

«Ағымдағы оқу жылында бірінші сыныпқа 70 мыңнан астам бала келді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да балалардың саны көбейгені белгілі. Елбасының тапсырмасына сәкес, 2020 жылға қарай жүз пайыз балабақшамен қамту мәселесі жүктелген болатын. Бүгінде 727 мың бала мектепке дейінгі білім беру ұйымында тәрбие алып жатса, 2020 жылдары 1 млн. 60 мыңнан астам бала балабақшамен қамтылады»,- деді Ж. Жонтаева.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, еліміз бойынша 8467 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 3832 балабақша мен 4635 шағын орталық бар.

Атап айтқанда, балабақша мәселесін жақын арада түбегейлі шешу үшін Ұлттық қор қаражаты есебінен де өңірлерде мектепке дейінгі ұйымдардың құрылысы басталады.