12:39, 22 Тамыз 2014 | GMT +5
2020 жылға дейін 4 мыңнан астам балабақша ашылады - А.Сәрінжіпов
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға дейін 4 мыңнан астам балабақша ашылады. Бұл туралы бүгін білім қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.

«2020 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам мектепке дейінгі жаңа ұйымдар ашылып, осы орайда жарты миллионннан астам жаңа орындар қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы барлық балалар мектепке дейінгі біліммен қамтылады және олардың саны 1 миллионнан асып түседі», - деді А.Сәрінжіпов. Министрліктің мәліметінше, қазіргі кезде балаларды ерте жастан дамытуда отбасылар тарапынан жоғары қажеттілік байқалуда. Республикада 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндер 600 мыңға жуық және олар қамту деңгейі 16 пайызды құрап отыр. Тек 2013 жылы халықтың мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру қызметтеріне қажеттілігі 13 пайызға артты.