2020 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендері 100 пайыз сандық форматтағы хабар тарататын мемлекеттік телерадио арналары мен радио таратумен қамтамасыз етіледі

Бұл туралы бүгін Астанада «Ақпараттық Қазақстан - 2020» мемлекеттік бағдарламасының жобасы бойынша қоғамдық тыңдау кезінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев мәлім етті.
«2020 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз сандық форматтағы хабар тарататын мемлекеттік телерадио арналары мен радио таратумен қамтамасыз ету көзделген. Қазіргі кезе бұл көрсеткіш 23 пайызды құрап отыр»,-деді вице-министр.
Отандық ақпараттық кеңістікті дамыту жоспарларына тоқталған А. Қырықбаев, аталған бағыт бойынша негізгі тапсырмалардың ішінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарын жаңғырту, отандық ақпараттық контентті дамытуды ынталандыру, мемлекеттің іс-әрекетін ақпараттық сүйемелдеу мәселелері тұрғысында сөз қозғады.
«Біріншіден - отандық бұқаралық ақпараттарды жаңғырту түрі. Мұнда негізгі басымдық - жаңа ақпараттық коммуникациялық технологияларды енгізуге беріледі. Осы орайда ұлттық ақпараттық кеңістік деңгейін ескеру қажет»,-деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 20 қыркүйектегі жағдай бойынша республикада жалпы 2773 бұқаралық ақпарат құралдары бар. (Телеарналар, газет-журналдар, электрондық БАҚ-тар). Бүгінде іскерлік және жеке қажеттілік үшін интернетті мерзімді пайдаланатындардың саны 9 миллионға жуық адамды құрап отыр.