2020 жылға дейінгі даму Стратегиясын жүзеге асыру аясында Қазақстанның Тәуелсіздігінің 18 жылында іске асырылған жұмыстардан да көп істер күтіп тұр - Мемлекет басшысы
Кездесу барысында Кенжеғали Сағадиев, Төлебек Қосмамбетов, Светлана Ферхо, Владимир Бобров, Шавхат Өтемісов және Тәңірберген Бердіоңғаров Президентке депутаттар корпусының еліміздің өңірлеріне жасаған жұмыс сапарлары, тұрғындармен кездесулері туралы әңгімеледі. Ол кездесулерде «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Президент Жолдауы туралы жан-жақты сөз қозғалған, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов мәжілісмендердің Қазақстанның барлық өңірінде болғанын, 350-ге жуық елді мекенді аралағанын, 800-ге жуық кездесу өткізгенін, оған 100 мыңнан астам қазақстандық қатысқанын баяндады. «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы филиалдарының қоғамдық қабылдауында бір мыңнан астам адам болды. Әртүрлі БАҚ-та парламентшілердің 400-ден астам мақаласы жарияланды.
- Жалпы, халықтың көңіл-күйі орнықты. Барлығы Сіз Жолдауда алға қойған міндеттерді қолдайды және олардың орындалатынына сенімді. Әрқайсысы өз күштері мен мүмкіндіктеріне қарай осы үлкен іске атсалысуға дайын, - деп атап өтті О.Мұхамеджанов. Президент депутаттарға атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
- Жолдауды іске асырудағы басты мақсат - халықтың әл-ауқатын арттыру. Осыны халықтың сіздерден естігені өте маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы алдағы онжылда 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясын жүзеге асыру аясында Қазақстанның Тәуелсіздігінің 18 жылында іске асырылған жұмыстардан да көп істер күтіп тұрғанын атап өтті.
Кездесу барысында сондай-ақ 2020 жылға дейінгі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кең көлемде жаңғырту жоспарын әзірлеу мыңыздылығы, мектепке дейінгі мекемелер жүйесін қалпына келтіру, «Бизнестің жол картасы - 2020»-ны іске асыру, салық салу жүйесін бірыңғайландыру, құқық қорғау органдарын реформалау, бюджеттік жүйе қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру, еңбек өнімділігін кешенді арттыру қажеттігі және өзге мәселелер талқыланды.
- Егер экономика шикізат ресурстарына негізделсе - оның келешегі жоқ. Дағдарыс мұны көрсетіп берді. Мұндай катаклизмге дайын болу үшін біз өте үлкен істі қолға алып отырмыз және ол бүкілхалықтық іс болуы тиіс. Осы ретте сіздердің жұмыстарыңыз еліміз үшін өте маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
- 2020 жылға дейінгі даму Стратегиясы және елімізді дамытудың Индустриялық-инновациялық бесжылдық жоспарының ерекше мәні бар, оны табысты іске асыру Қазақстанды жаңа деңгейге алып шығады, - деді депутат К.Сағадиев кездесуден кейін журналистерге арналған брифингте.
Төлебек Қосмамбетов пен Светлана Ферхо Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарымен болған кездесулер туралы хабардар етті, сондай-ақ кездесулер барысында ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік салаға қатысты алға қойылған міндеттердің орындалатынына сенімдерін білдірді.
Владимир Бобров Павлодар облысының тұрғындары өздерінің балалары мен немерелерінің болашағына деген сенімдерін білдіре отырып, бұл бағыттағы мемлекеттік саясатқа жоғары баға бергенін атап өтті.
Шавхат Өтемісов қазақстандық кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы - 2020» аясында өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарламаны әзірлеуді қолдап отырғанын жеткізді.
- Бұл бизнес-қоғамдастыққа көмек көрсетудегі мүлтіксіз қадам, - деді Ш.Өтемісов.
Тәңірберген Бердіоңғаров кездесу барысында Мемлекет басшысының биылғы жылы Жаңа университеттің ашылатыны ерекше назар аударғанын атап өтті. Университеттің оқытушылық жұмысына әртүрлі елдерден ең үздік ғалымдар шақырылатын болады. Бұл жоғары оқу орнында Қазақстан үшін жоғары білікті мамандар дайындалады.