2020 жылға қарай 4 мыңға тарта шалғайдағы мал жайылымдары балама қуат нысандарын салуға субсидия алады

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай еліміздегі 4 мыңға тарта шалғайдағы мал жайылымдары мен фермерлік шаруашылықтар балама қуат нысандарын салу бойынша субсидиямен қамтамасыз етіледі.
None
None

Бұл туралы Парламент Cенатының жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, «Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің Жарғысын ратификациялау туралы» құжатты талқылау барысында сенатор Қуаныш Айтаханов жақында қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасына тоқталды. Депутаттың айтуынша, осы стратегияда алыс елді мекендер мен мал жайылымдарын суландыру, сол арқылы арзан әрі экологиялық таза мал өнімдерін алу міндеті жүктелген. «Бұл жайылымдарды суландыруға энергия қажет. Алайда олардың басым бөлігі шалғайда, негізгі электр желілерінен қашықта жатыр. Сондықтан да, жел энергиясын пайдалану өзекті. Соған байланысты биыл шалғайдағы мал жайылымдарының жел энергиясын пайдалануы қалай жоспарланған?», - деп сұрады сенатор. Қ. Айтаханов.

Өз кезегінде министр Әсет Исекешев шалғайдағы елді мекендер мен мал жайылымдарын балама қуатпен қамтамасыз етуге қатысты арнайы жоспар әзірленгенін атап өтті. «Мәжілісте талқыланып жатқан жаңа заң жобасында жаңартылатын қуатқа қатысты инвесторларды да, тұтынушыларды да қолдайтын тетіктер бар. Оның ішінде шалғайда орналасқан, еліміздің басты электр желілеріне қолдары жетімсіз елді мекен мен шаруа қожалықтарын сондай стансалар құнының 50 пайызына дейін субсидиялау қарастырылған», - деді министр.

Оның айтуынша, 2020 жылға қарай еліміздегі 4 мыңға тарта шалғайдағы мал жайылымдары мен фермерлік шаруашылықтары балама қуат нысанын салуға қатысты субсидиямен қамтамасыз етілетін болады. «Қазірдің өзінде бұндай мыңға тарта шаруашылықтар баршылық. Келесі жылдан бастап, егер жаңа заң қабылданса, 100-ден 400-ге дейінгі аралықта алғашқы жобаларды қолға аламыз. Бұл үшін өңірлердегі басты электр желілерінен шалғайда орналасқан шаруа қожалықтарын іріктейміз, сосын жобаға толыққанды кірісеміз. Бұл істің мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрлігімен шештік», - деді Ә. Исекешев.

Соңғы жаңалықтар