2020 жылға қарай жалпы қуаты 1 ГВт болатын 31 жаңартылатын қуат көзінің нысаны пайдалануға беріледі

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні 2013-2020 жылдарға арналған Жаңартылатын энергия көздерінің жобаларын іске асыру жөніндегі шаралар жоспары әзірленген. Соның аясында 2020 жылға қарай жалпы қуаты 1 ГВт болатын 31 жаңартылатын қуат көзінің нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. «Жергілікті және халықаралық инвесторлар тарапынан жаңартылатын энергетика секторына деген қызығушылық соңғы уақытта артып келеді. 2011 жылдан бері Ақмола, Алматы Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы қуаты 16,5 МВт құрайтын су, жел, күн және биогаз қуатын өндіретін электростансалар салынуда», дейді Н. Қаппаров.
Бұдан бөлек, министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы қуаты 9 МВт құрайтын бірқатар жобалар пайдалануға беріледі деп күтілуде.