14:05, 09 Қараша 2011 | GMT +5
2020 жылы Кеден одағы елдерінде бірыңғай қаржы нарығы құрылады - ҚР Ұлттық банк төрағасы
МАТЫ. 9 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның банк жүйесі шетелдік банктер үшін бұрыннан-ақ ашық. Оны ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
"Қазақстанда шетелдік банктер 100 пайыздық еншілес банкін ашуға мүмкіндікті көп жыл бұрын алған. Елдегі банктердің жартысынан көбі шетелдік. Қазақстандық банктер олармен бәсекелестік жағдайында жұмыс жасап келеді", - дейді Г. Марченко. Оның айтуынша, 2020 жылы Кеден одағы елдерінде бірыңғай қаржы нарығы құрылады. Сондықтан қазақстандық қаржы институттары енді алыс шетелдік банктерден гөрі ресейлік қаржы институттарымен бәсекелестікке көбірек дайындалуы керек. Өйткені бірыңғай қаржы нарығында Кеден одағына мүше елдердің банктері жеке лицензия алмай-ақ жұмыс жасауға мүмкіндік алады.