17:26, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
2020 жылы Қызылорда мен Атырау облыстарын туризм орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр - Корея маманы
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2020 жылы Қызылорда мен Атырау облыстарын туризм орталықтарына айналдыру жоспарланып отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстандағы туризм саласын дамыту бойынша өтіп жатқан семинарда Корея Республикасының Мәдениет және туризм институтының директоры Ким Дек Ки мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семинар барысында Ким Дек Ки Қазақстандағы туристік индустрияны дамытуға арналған жобаның жетекшісі ретінде аталған өңірлерде туризмді жетілдіру бойынша шеберлік жоспарды құру шараларын таныстырды.
«Қазіргі кезде елдің туристік саласы Астана мен Алматы секілді ірі қалаларға топталған және туристердің негізгі бөлігі осы екі мегаполиске келеді. Біз аталған жоба аясында шеберлік жоспарды құруда Ұлы Жібек жолы торабындағы перспективалық орындарды әзірледік»,- деді ол.
Аталмыш саланы дамытуда туризм заңнамасы, кадрлар дайындау, басқару және осы ортадағы басқа мәселелерді ескеру қажет екенін жеткізген Ким Дек Ки, «біздің зерттеу бағытындағы негізгі жұмыстар Қазақстанның Атырау және Қызылорда облыстарына арналды. Кәсіби тұрғыдан алғанда біз алыс аймақтардағы туристік индустрияның жағдайын назарға алдық»,- деді.
Оның айтуынша, Атырау мұнайлы өлке болғандықтан бизнес туристерді қызықтырады. Сондықтан олар бизнес туристеріне бағдарланып, осы өңірдің болашақтағы дамуы бойынша әзірленген жоспардың нұсқасын ұсынбақ.
Ким Дек Кидің сөзіне қарағанда, Қызылорда облысында Қорқыт Ата, Байқоңыр секілді аймақтарды туристерді тартатын өңірлердің қатарына жатқызуға болады. «Жалпы жоспар бойынша 2020 жылға дейін осы өңірлерде туристер саны артатын болады», - дейді корейлік маман.