2020 жылы Нұр-Сұлтанда 587 өрт болып, 20 адам қаза тапқан

«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биыл қала аумағында 587 өрт фактісі тіркелді. Өрт салдарынан 20 адам қаза болып, 58 адам жарақат алды. Өрттердің негізгі себептері – электр желілерін монтаждау және пайдалану кезінде орын алған өрт қауіпсіздігін бұзушылықтар, жылыту пештерін пайдалану кезіндегі бұзушылықтар және адамдардың отпен абайсыз болуы. Өртте көз жұмған 20 адамның 13-і ішімдікке мас болған», - деді Нұр- Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы елорда әкімдігінде өткен брифингте.
Департамент өкілі тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді.
«Электр желілерін пайдаланғанда оларға қосымша жүктеме түсірмеуге, электр аспаптарын қолданғанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға, оларды қараусыз қалдырмауға, қолдан жасалған немесе жарамсыз күйдегі электр қондырғыларын пайдаланбауға шақырамыз. Жылытатын пеш үстіне жанғыш материалдарды, отындарды, киім мен аяқ киімді кептірмеуге және пешті күніне бірнеше рет жағуға кеңес береміз, бұл пешті шамадан тыс қыздырмауға кепілдік береді.
Ұйқыға кетерден 1-1,5 сағат бұрын пешті жағып бітіру керек. Жанып жатқан пешті бақылауды балаларға тапсырмаңыз, балаларды жалғыз қалдырмаңыз, үйде төсекте шылым шекпеңіз және балконнан темекі тұқылын лақтырмаңыз», - дейді Е. Отарғалымұлы.