2022 жылы Ұлттық қордан 550 млрд теңге нысаналы трансферт тартылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 трлн теңге көлемінде болмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының жобасын таныстыру кезінде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 триллион теңге, 2023 жылы - 2,2 триллион теңге және 2024 жылы - 2 триллион теңге мөлшерінде айқындап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылып отыр. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы әзірленіп, сіздерге қарауға енгізіліп отыр. Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 миллиард теңге мөлшерінде, 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады. Жалпы ішкі өнімге байланысты 2022 жылы бюджет тапшылығы 3,3 пайыз деңгейінде болжанса, келешекте 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5 пайызға дейін төмендеу болжанып отыр», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның айтуынша, 2022 жылы мұнайлы емес тапшылық жалпы ішкі өнімге байланысты 8,1 пайызды құрап, 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 6,3 пайызға дейін төмендейді.

«Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 триллион теңге, 2023 жылы - 15,6 триллион теңге және 2024 жылы 16 триллион теңге көлемінде болжанып отыр. Мұнай бағасы барреліне 60 АҚШ доллары болған кезде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылы 2,5 триллион теңгеден 2024 жылы 3 триллион теңгеге дейін өседі. Жоспарланған трансферттерді ескере отырып, болжам бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылы 55,3 миллиард АҚШ долларынан 2024 жылы 61,6 миллиард АҚШ долларына дейін өседі», - деді министр.

«Елбасы стратегиялық бастамаларына қол жеткізу, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, Nur Otan партиясының сайлау алды бағдарламасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес, еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы әзірленді. Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында экономиканың тұрақты және сапалы өсуін қамтамасыз ету үшін орта мерзімді экономикалық саясат аясында, келесі шаралар қабылданатын болады: макроэкономикалық көрсеткіштерді тұрақтандыру, жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру, өңірлердің теңгерімді дамуы, экономиканы әртараптандыру, бизнес-ахуалды жақсарту, цифрлық экономика, адами капиталды және мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін дамыту», - деді Әсет Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар