2023 жылдан бастап Алматыдағы аудан әкімдіктерінің дербес бюджеті болады
Қала басшысымен кездесуге келген тұрғындардың бірі, Наурызбай ауданындағы баубақша бірлестіктеріндегі проблеманы айтты.
«Біріншіден, көше атаулары жоқ, екіншіден, жол жоқ. Көшелер тар болғандықтан қоқыс таситын көліктер кіре алмайды. Бұдан бөлек, бізде су да, жарық та жоқ. Наурызбай ауданы әкімдігі мәселелерді жедел шешетінін білемін, бірақ бұл өзекті проблемалар тек қалалық әкімдік арқылы шешіледі деп ойлаймын»,- деді аудан тұрғыны.
Ерболат Досаев 2023 жылдан бастап Алматыдағы аудан әкімдіктерінің өз дербес бюджеті болатынын жеткізді.
«Келер жылдан бастап аудан әкімдіктері толыққанды бюджет алады. Күзде өзгерістер болуы керек. Мемлекет басшысы аудандардың өз бюджеті болуы қажет деген идеяны қолдады. Соның арқасында аудандар өз мәселелерін шұғыл шеше алады»,- деп жауап берді қала әкімі.
Айтуынша, республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың аудан әкімдіктерінің жеке бюджеті жоқ.
«Сондқтан электрмен жабдықтау және қоқыс шығару бойынша жауапты адамдарға тапсырма беремін»,- деп қосты Ерболат Досаев.