16:06, 19 Тамыз 2022 | GMT +5
2023 жылы курстарға баруы тиіс мұғалімдер толық қамтылады - Асхат Аймағамбетов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылы курстарға баруы тиіс мұғалімдерді толық қамтимыз. Бұл туралы педагогтердің республикалық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біліктілікті арттыру мәселесіне тоқталсақ, тиісті заң қабылданды. Енді біліктілікті арттыру бес жылда бір рет емес, үш жылда бір өткізіледі. Бұл тұрғыда аттестация да үш жылда бір өткізіледі дегенді білдірмейді, яғни оны бес жылда бір рет ұйымдастырамыз. Дегенмен біз өткізілетін курстардың санын көбейтеміз», - деді А. Аймағамбетов.
Осы орайда ол курстар жаңа форматта ұйымдастырылатынын жеткізді.
«1 тамыздан курстарды пән құзыреті бойынша бастадық. Алдағы жылы педагогтарды түрлі курстармен қамту үш есе артады. Осы орайда курстарға баруы тиіс барлық мұғалімді курстармен қамти аламыз», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда оқу үлгерімі төмен оқушылар үшін арнайы жоба іске қосылады.