2024: Қазақстан спорты қандай жеңістерге жетті
Сонымен, 2024 жыл аяқталуға жақын. Жыл соңында өткен кезеңге қорытынды жасап, әр сала бойынша қандай жетістіктер немесе кемшіліктер болғанын әдеттегідей шолып өтеміз.

Жалпы, 2024 жыл спорт додалары көп өткізілген кезең ретінде есте қалды. Париждегі XXXIII Олимпиада, Көшпенділер ойыны, оның тасасында бірнеше айтулы жарыстар өтті. Ал Қазақстан құрамасы халықаралық додаларда қандай нәтижелерге жете алды? Kazinform тілшісі шолуынан оқыңыз.
Артығы да, әттеген-айы да көп болған дода
Франция астанасы Парижде өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындары биыл бүкіл жаһанның назарында болғаны белгілі. 16 күнге созылған спорт мерекесінде 205 елдің өкілдері жүздеген жүлдені сарапқа салды. Осыншама елдің тек 93-і ғана медаль ала алған екен. Қазақстан спортшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қоламен жалпы командалық есепте 43-орынға табан тіреді.

Әрине, алдыңғы Токио Олимпиадасында алған 83-орынмен (0 алтын, 0 күміс, 8 қола) салыстырғанда көрсеткіш жақсы. Дегенмен Рио-2016 Ойындарындағы 30-орынмен (2 алтын, 5 күміс, 10 қола) теңестіруге келмейді. Сондықтан сарапшылардың көбі қазақ спортында даму емес, тұралау процесі көбірек болып жатқанын алға тартты.
Көңілге ең медеу болғаны – Елдос Сметовтің алтыны. Жалпы, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы дзюдо спортынан Олимпиадада алтын алып көрмеген еді. Аталған спорттың отаны саналатын жапониялықтар, техникалық тұрғыда бұларға ілесуге ниетті Франция секілді елдердің спортшылары тұрғанда дзюдодан топ жару мүмкін еместей көрінген. Бірақ Рио Олимпиадасында финалға жетіп, күміс еншілеген, Токиода қола алған Елдос Париж төрінде алтынға қол жеткізді.

Бұл тұста ақтық сынға дейін жеткен үш спортшыны да ерекше атап өткен жөн. Күмісті спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов (тұғырлы ат жаттығуы) пен грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі), боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) иеленді.
Негізі жанкүйерлер бокстан кемі бір алтынның боларына үміт еткен. Бір тарап аяқтан шалу болғанын, екінші тарап боксшылардың бабы келіспегенін айтып жатты. Олимпиада аяқтала сала бокстан ұлттық құрамадағы жаттықтырушылар қызметінен босатылып, ауыс-түйіс болғанына қарағанда, екінші тараптың айтқанында шындыққа жақындық бар секілді.
Бұл жерде күтпеген жүлде – Нариманның күмісі. Жасырары жоқ, жанкүйерлер бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика секілді спорт түрлерінен жүлде күтеді. Алайда бұларға қоса спорттық гимнастика, көркем гимнастика, ұзындыққа секіру, биіктікке секіру, су спорты мен жеңіл атлетика түрлері секілді салаларға көп көңіл бөлу қажет екенін Нариман дәлелдегендей еді.
Қола медальды нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), бокстан Назым Қызайбай (51 келі) алғанын айта кетейік.
Жақынды да, алысты да тамсандырған
Биыл қыркүйекте Қазақстан 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізді. Бұған дейін Көшпенділер ойынының өткені не өтпегенінен жаһан жұрты бейхабар болып қала беретін. Бұл жолы олай болмады, дала жарыстарын жоғары деңгейде қалай өткізу керегін еліміз дәлелдеді.

Әлемнің 89 елінен 2,5 мыңға жуық спортшы келіп, жалпы нәтижеде Қазақстан 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медальмен топ жарды. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, әрісі Аустралиядан спортшылар келді. Сондай-ақ доданың ашылу салтанатын отандық телеарналардан бөлек, әлемнің 19 телеарнасы көрсетті. Көшпенділер ойындары тарихында бұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынды.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 70 елдің 1285 медиа өкілінен өтініш түскен. Оның ішінде 933 қазақстандық, 352 шетелдік журналист бар. Мұның арасында CNN, BBC, Euronews сынды әлемдік жетекші ақпарат құралдарының өкілдері жүрді.
Биылғы 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына жаңа спорт түрлері ретінде Powerful Nomad Алыптар сайысы және бірнеше дәстүрлі интеллектуалдық ойындар қосылды. Алыптар сайысында 1 елден 1 ғана спортшы қатыса алды. Салмақ категориясы 90 келіден жоғары болуы керек. Жарыс 5 кезеңнен тұрды. 100 келі тасты көтеріп, оны 10 метрге жылжыту, 100 келілік қаппен отырып тұру, 10 келілік найзаны оң немесе сол қолмен 10 метр қашықтықта тұрған нысанаға лақтыру, 130 келілік бөренені иығына салып, отырып тұру, салмағы 200 келі арбаны 10 метрге сүйреу еді. Бұл спорт түрінен ел намысын Азамат Мақұлбеков қорғап, жеңімпаз атанды.

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында жаңадан қосылған спорт түрлері арасында «Мангала» және «Овари» болды. Бұл дәстүрлі ойындар көшпенді халықтардың мәдени мұрасымен байланысты.
Қалай алсақ та, биылғы Көшпенділер ойыны жоғары дәрежеде өткенін шетелдіктер де мойындап, бұл жарыстың ауқымын арттыра беру керегін ұсынды.
Боксшылар да, күресшілер де ерледі
Кейінгі жылдары көбірек сыналып жүрген қазақ боксында 2024 жылы жақсы жаңалықтар болды. Әсіресе, жас буынның жетістігі қуантты. Қазан айында IBA-ның ұйымдастыруымен Черногорияда бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Осы додада Қазақстан құрамасы рекорд орнатқаны есте. 6 алтын, 1 күміс, 10 қола – жалпы 17 медаль еншіледі.
Командалық есепте 73 елдің арасында Қазақстан құрамасы көш бастады. Ал көптен бері басты қарсыласқа айналған Өзбекстан құрамасы екінші, үздік үштікті Ресей түйіндеді. Бұған дейінгі жарыстарда, яғни, 2018 жылы Венгрияда, 2021 жылы Германияда өткен әлемдік додаларда қазақстандық 17-18 жастағы спортшыларымыз 2 алтынмен оралған болатын. Сондықтан бұл жарыс көрсеткіші – тарихи нәтиже. Осылайша, жас буынның жетістігі ел боксының болашағы жақсы екеніне сендірді.

Дегенмен бокс спортында мәселелер жетерлік. Келер Олимпиадаларда бокс бағдарламасының болу-болмауы әлі талқылануда. IBA ұйымы Олимпиадада боксты ұйымдастырудан шеттетілді. Жаңадан құрылған World Boxing толыққанды нығайып үлгермеді. Күмәнді нәтижелердің көбеюі бокстағы ұпай есептеу жүйелерін де қайта қарауға септігін тигізетін іспетті.
Боксшылардың жеңісін күресшілер де қайталай алғандай. Бұрын алтынсыз қайтаратын жарыстарда қазақстандықтардың жолы болды. Мәселен, биыл Албания астанасы Тиранада еркін күрестен өткен әлем чемпионатында Нұрқожа Қайпанов (70 келі) жеңімпаз атанды.
Бұған қоса 97 келіде белдескен Ризабек Айтмұқан жастар арасындағы әлем чемпионы атағына ие болды. Жалпы, күрес түрлерінен әлемдік додаларда топ жару өте қиын саналады. Сондықтан бұл жолғы жеңістер өзгерістер барын көрсетті.
UFC-дегі жорық
Әлемде аралас жекпе-жек жарыстарының арасында UFC ұйымы ең абыройлы саналатынын білеміз. Мұнда қазір әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен қатар қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың да аты аталып жүр. Әлі күнге дейін жеңіліссіз келе жатқан отандасымыздың кейінгі жекпе-жегі 7 желтоқсанда Лас-Вегаста өтті. UFC 310 турнирінде уақытша чемпиондық атақ үшін сайысқа шығып, ирландиялық жеңіліп көрмеген файтер Иан Машадо Гэрриді тізе бүктірді.
Жартылай орта салмақта өнер көрсететін ирландиялық UFC-де 2021 жылы дебют жасап, сол уақыттан бері 15 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Яғни, бұл мықтыны ұту арқылы Шавкаттың келесі кездесуі міндетті түрде чемпиондыққа талас ретінде ұйымдастырылатынын болжай аламыз.

Негізі Шавкат Рахмоновта келер жылды күтпей-ақ осы жолы UFC чемпионы атанар мүмкіндік болған. Себебі желтоқсандағы кездесу ирландиялық Гэрримен емес, қазіргі чемпион Белал Мұхаммадпен болуға тиіс еді. Алайда денсаулығына байланысты тегі палестиналық спортшы бұл кездесуден бас тартты.
Бірақ Иан Гэрриді жеңген сәтінде Рахмонов сегізбұрыш ішіне Белалды шақырып, көз түйістірді. Яғни, келесі жекпе-жек міндетті түрде осы екі спортшы арасында чемпиондыққа талас ретінде өтеді. Егер Шавкат жеңіске жетсе, UFC тарихында чемпиондық белбеуге қол жеткізген алғашқы қазақстандық атанады.
Түйіндер болсақ, біз тек көзге түскен, есте қаларлық жарыстардың қорытындысын бір шолып өттік. Әйтпесе мақтауға лайық қазақстандық спортшылардың көп екеніне күмән жоқ. Алдағы жылы қазақ спортындағы жеңістер мол боларына үміттіміз.