2024 жылы әлеуметтік міндеттемелерді Үкімет толықтай орындады – Қаржы министрі
АСТАНА. KAZINFORM – Базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылау кезінде ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.

— Фискалдық-бюджеттік проблемаларға қарамастан, жалпы жыл қорытындысы оң серпінмен атап өтілді. Жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 4,8% құрады. Бюджет түсімдері 98% орындалып, шамамен 20 трлн теңге түсті. Шығыстар 23 трлн 594 млрд теңгеге атқарылды. Бюджет тапшылығы белгіленген шамадан 3 трлн 649 млрд теңгеге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 пайызды құрады. Инфляция деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда 9,8 пайыздан 8,6 пайызға дейін төмендеді. Жалпы, барлық әлеуметтік міндеттемелерді Үкімет толықтай орындады, оның ішінде атап өтсек, өңірлерді қолдауға 7,1 трлн теңге, әлеуметтік салаға 8,8 трлн теңге қаражат бөлінді, — деді М. Такиев.
Оның айтуынша, былтыр Үкімет резервінен өңірлердегі ауқымды мәселелерге де бюджеттік қаражаттар жұмсалды. Атап айтсақ, су тасқынын жою, жылу көздері мен желілерін жаңғырту, «ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі» ұлттық жобаны іске асыруға тиісті қаражат бөлінді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасып жатыр. Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 60 пайыздан 65 пайызға дейін, ал ең жоғары мөлшері 100 пайыздан 105 пайызға дейін өсті. Тиісінше, жиынтық зейнетақының ең төменгі мөлшері (ынтымақты және базалық) 2024 жылы — 86 068 теңгені, ал ең жоғары мөлшері 197 873 теңгені құрады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға индекстелді. Сонымен бірге, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7 пайызға артты. Мысалы, еңбекке жарамсыз және асыраушысынан айырылған 1 миллион 382 мың адамға 958,3 млрд теңге, 541,2 мың мүгедектігі бар адамға — 477,3 млрд теңге және 1 миллион 323 мың балалы отбасыға 652 млрд теңге сомада төлемдер берілді, — деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин донор өңірлерден республикалық бюджетке алынатын қаражат қаншаға қысқаратыны туралы пікір білдірді.