2025-2026 оқу жылына гранттар қалай бөлінді

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылына бөлінген мемлекеттік білім беру гранттары мен квоталар туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева мәлім етті.

Астанада білім беру гранттарына құжат қабылдау басталады
Фото: Астана әкімдігі

Дерекке қарағанда, 2025–2026 оқу жылына 77 мыңнан астам грант бөлінген. Оның 60%-ы техникалық бағыттағы мамандықтарға, 20%-ы педагогикалық мамандықтарға, ал қалған 20%-ы басқа да салаларға сұранысқа қарай бөлінді.

Квоталық гранттар

ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге арналған квоталық гранттар қарастырылған. Атап айтқанда:

  • жетім немесе мүгедектігі бар балалар;

  • көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар;

  • мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар.

Бұл талапкерлер квота шеңберінде де, жалпы конкурс аясында да грантқа үміткер бола алады.

Грант бөлу жүйесі қалай қалыптасты?

Жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек нарығына қажетті мамандықтар туралы талдауы негізінде жасалады. Әрбір сала бойынша кадр қажеттілігі анықталып, соған сәйкес гранттар бөлінеді.

Сараланған гранттар

2025 жылы қатарынан екінші рет сараланған гранттар бөлу жалғасын тапты. Егер 2024 жылы алғаш рет 300 сараланған грант ұсынылса, биыл да сол көлем сақталып отыр:

  • 150 грант педагогикалық мамандықтарға,

  • 150 грант жаратылыстану бағытына бөлінеді.

Бұл гранттар негізгі конкурс аяқталғаннан кейін жеке конкурс ретінде өткізіледі. Қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ, өйткені талапкерлер туралы барлық мәліметтер Ұлттық тестілеу орталығының базасында сақталған. Сараланған гранттардың нәтижесі 2025 жылғы қыркүйек айының соңында жарияланады.

Грант конкурсына қалай қатысуға болады

Мемлекеттік білім беру гранты ҰБТ нәтижесіне сәйкес беріледі. Қолданыстағы ережелерге сәйкес, талапкер 4 жоғары оқу орнын және 4 білім беру бағдарламасын таңдау құқығына ие.

Еске сала кетейік, білім гранты иегерлерінің тізімі 2025 жылғы 7 тамыз күні жарияланады.

Соңғы жаңалықтар