2025 жыл: ел спортындағы елеулі жетістіктер
АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform тілшісі 2025 жылы еліміздің спорт саласында болған елеулі оқиғалар жоғары табыстар мен жетістіктер жөнінде ой қозғап көрді.
Биыл отандық жанкүйерлер тарапынан оң бағаланған жетістіктер аз болған жоқ. Олардың қатарында еліміздің футбол клубтарының бірқатарының жекеменшікке өтуі, алматылық «Қайраттың» UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінде бақ сынауы, әлем чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері мен таэквондошылардың көшбасшылар қатарынан көрінуі секілді маңызды оқиғаларды атап өтуге толық негіз бар.
Қайратына мінген «Қайрат»
Ұлттық құрама биыл 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде бақ сынады. Алғашқыда жанкүйерлер қазақстандық футболшылар дүбірлі доданың финалдық кезеңіне жолдама ала ма деп үміттенген еді. Десе де олардың ала-құла ойын көрсетуі діттеген мақсатқа жетуіне кедергісін келтірді. Жыл басында ұлттық құрама тізгінін ұстаған отандасымыз Әли Әлиев шәкірттерінің жігерлі ойнауына үлес қоса алған жоқ. Оның басшылығымен қазақстандық футболшылар дүниежүзінде әлсіз құрама деп бағаланған Лихтенштейнді ғана тізе бүктірді. Одан кейін Уэльс, Солтүстік Македония, Бельгиядан жеңіліп, жолдама алу мүмкіндігінен мүлдем қол үзіп қалды. Тіпті сырт алаңда Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай жеңілуі жанкүйерлерге үлкен соққы болып тиді. Әли Әлиев өз еркімен қызметінен кеткеннен кейін тәжірибелі маман Талғат Байсуфиновқа бас бапкердің міндетін атқару жүктелді. Ұлттық құрама тізгінін үшінші мәрте ұстаған ол өзіне сеніп тапсырылған үш кездесуде де ешкімнің ығына жығылған жоқ. Алдымен Лихтенштейнді (4:0) тағы бір мәрте тізе бүктіріп, одан кейін Солтүстік Македония (1:1) және Бельгиямен (1:1) тең ойнады. Сондықтан жанкүйерлер ұлттық құрамаға қатысты екіұдай сезімде болды. Алдағы уақытта қазақстандық футболшылар қандай табыстарға қол жеткізе алады? Әзірге ол белгісіз. Ұлттық құрама тізгінін кім ұстайды деген сауалға да нақты жауап табылар емес.

Бас бармақпен бағалайтын басты оқиға ретінде алматылық «Қайрат» командасының UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңіне жолдама алғанын айта аламыз. Осыдан он жылдай бұрын төл академиясының қазығын қағып, шеберлігі шыңдалған қаншама жас өренді қанатының астына алған қазақстандық команда қашанда еліміздің талантты жастарына мүмкіндік беру мақсатынан жаңылған жоқ. Алғашқыда кәрі құрлықтағы беделді турнирді бірінші кезеңнен бастаған «Қайрат» жарыстың төрт сатысын артқа қалдырып, әлемнің мықты командалары қатарында ойнайды дегенге ешкім сенген жоқ. Расында, іріктеу кезеңінде қазақстандық команда үшін оңай қарсыластар түскен жоқ. Алматылық клуб Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде португалиялық «Спортингтен» 1:4, испаниялық «Реал Мадридтен» 0:5, италиялық «Интерден» 1:2, даниялық «Копенгагеннен» 2:3, грекиялық «Олимпиакостан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал кипрлік «Пафос» командасымен 0:0 есебімен тең түсті. Әрине, әзірге «Қайратқа» ұпай қорын молайту оңайға түсіп жатқан жоқ. Қуаныштысы, команда сапында қазақстандық футболшылар жиі ойнауға мүмкіндік алды. Іріктеу кезеңінде қақпашылар Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбеков өздерінің шеберлігімен көпшілікті тәнті етті. Олардың жарақат алып қалуына байланысты негізгі кезеңдегі «Спортинг» пен «Реал Мадридке» қарсы ойындарда небәрі 18 жастағы Шерхан Қалмырза жасыл алаңға шығып, қаншама соққыға тойтарыс берді. Сондай-ақ жанкүйерлер алдағы жылы Англияның «Челси» клубының жейдесін киетін 17 жастағы Дастан Сәтпаевтың ойынына қошеметпен қол соқты. Ал болашағынан зор үміт күттіретін Александр Мрынский, Дамир Қасаболат негізгі құрамда ойнап, оған қоса Азамат Тұяқбаев, Рамазан Бағдат секілді жастардың тәжірибе жинақтауына жол ашылды. Олардың барлығы «Қайрат» академиясынан шыққан футболшылар екенін ескеруіміз тиіс.

Алдағы уақытта еліміздің көптеген өңірінде осындай академиялар ашылмақ. Қазір бұл бағытта алғышарттар жасалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн» деп атап көрсеткен еді.

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, қазақстандық әлеуетті инвесторлар қарауына Астананың «Жеңіс», Қарағандының «Шахтер», Қызылорданың «Қайсар» және Петропавлдың «Қызылжар» командаларының өтуі жоспарланды. Алдымен әлеуетті инвесторларға аталған клубтарды алғаннан кейін, спорттық инфрақұрылым (стадион және футбол алаңдары) дамыту, сондай-ақ академия ашуына талаптар қойылаған. Ал, жергілікті атқарушы органдарға алдағы 3-4 жылға дейін футбол клубтарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді тоқтатпау ұсынылды. Жақын уақытта олардың қатарына «Ақтөбе» командасы да қосылады деп жоспарланып отыр.
Ел футболындағы тағы бір қуанышты жаңалық ретінде Қызылорда қаласында пайдалануға берілген «Қайсар-арена» стадионын атап өтуге болады. Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген үшінші стадион халықаралық талаптардың төртінші санатына толықтай сай келеді. Ендігі кезекте еліміздің Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Семей, Қарағанды қалаларынан осындай спорттық нысандар ашылады деп күтіліп отыр. Оны Қазақстан футболындағы елеулі оқиғалар деп айта аламыз.
Шаршы алаңдағы шеберлік
Бұрын әлемдік бокста атой салып жүрген қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің көрсеткіші кейінгі жылдары төмендеп кетті. Былтыр еліміз Париж олимпиадасында небәрі бір ғана күміс медальды қанағат тұтты. Әдетте, Қазақстан бокс спортынан ұзақ жыл бойы дүниежүзінде алдыңғы қатардан көрініп жүргенін ескергеніміз артық емес. Олқы түскен тұсымыз қайсы? Олимпиададан кейін бұл бағытта қазақстандық мамандар тиісті іс-шараларды қолға алды. Ерлер құрамасына бас бапкер қызметіне тәжірибелі маман Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Еліміздің бокс федерациясы былғары қолғап шеберлерінің дайындығына көбірек көңіл бөлді. Осындай қолдаудың септігі тиіп, ол өз нәтижесін берді.

Биыл спорттың бұл түрінен екі әлем чемпионаты жалауын көтерді. Алдымен қыркүйек айында Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өткен дүбірлі додада Махмұд Сабырхан (55 келі), Санжар Ташкенбай (50 келі) және Алуа Балқыбекова (51 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Наталья Богданова (70 келі), Айбек Оралбай (90 келі) әлем чемпионы атанса, Назым Қызайбай (48 келі) күміс, Виктория Графеева (60 келі), Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдегер болды.
Жалпы командалық есепте 10 медальмен көш басына шыққан отандастарымыз Өзбекстан, Үндістан, Бразилия секілді елдердің артқа қалдырып кетті. World Boxing алдағы уақытта 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасына жолдамаларды сарапқа салатын ұйым екенін ұмытпауымыз тиіс.

Еліміз үшін тағы бір қуанышты жаңалық, қараша айында Италия астанасы Рим қаласында өткен World Boxing федерациясының жиынында ұйымның тізгіні қазақстандық маман Геннадий Головкинге сеніп тапсырылды. Дауыс беру нәтижесінде шешім бірауыздан қабылданды. Конгреске әлемнің 58 федерациясы қатысты.Оның өкілеттік мерзімі 3 жылға созылады. Лос-Анджелес Олимпиадасына дейін жалғасады. Геннадий Головкин — еліміздің атынан халықаралық деңгейде мұндай жоғары лауазымға сайланған тұңғыш азамат.
Ал желтоқсан айының алғашқы жартысында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында IBA әлем чемпионатын ұйымдастырды. Бұл жарыста да қазақстандық боксшылар алдыңғы қатардан көріне білді. Еліміздің атынан беделді бәсекеге 13 спортшы аттанған еді. Олардың арасынан 6 отандасымыз жүлделі орындардан көрініп қайтты. Ел құрамасы қоржынына 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль түсті. Атап айтқанда, Сәкен Бибосынов (54 келі), Оразбек Асылқұлов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) әлем чемпионы атанса, Сабыржан Аққалықов (75 келі) күміс, Теміртас Жүсіпов (48 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлде алды. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынға табан тіреді. Көш басында Ресей құрамасы тұрса, үздік үштікті Өзбекстан түйіндеді.
Келешекте олимпиада және әлем чемпионаттарында осындай биіктен көріну — алға қойған мақсаттың бірі. Әрине, ол үшін әлі көп жұмыс керек. Боксшылардың дайындығын ұдайы назарда ұстап, олардың бабында болуына назар аударуымыз тиіс.
26 жыл күткен алтын медаль
Қыркүйек айында еліміздің грек-рим күресінен айтарлықтай оқиға болды. Спорттың аталған түрінен 26 жылдан кейін қазақстандық балуан әлем чемпионатында топ жарып, барша жанкүйерді үлкен қуанышқа бөледі. Ел құрамасынан Айдос Сұлтанғали (60 келі) алтын медаль алып, ұзақ жылдар бойы қол жетпей жүрген биікті бағындырды. Айта кетсек, финалда отандасымыз өзбекстандық Алишер Ганиевтен басым түсті. Оған дейін Амиран Шавадзе (Грузия), Максвелл Хоппер Блэк (АҚШ), Мелкаму Фетене (Израиль), Сеун Ли (Солтүстік Корея), Амиран Чавадзеде (Грузия) секілді қарсыластарын қапы қалдырды. Қай-қайсысы да осал қарсылас емес. Арасында әлем және олимпиадада жүлдегер қатарынан көрінген тәжірибелі балуандар бар. Соған қарамастан қазақстандық балуан діттеген мақсатына қол жеткізді.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазірге дейін 2018, 2022 жылдары әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. 2021 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
— Осы тарихи сәттің маған бұйырғанына ерекше қуаныштымын. Бұл жеңіс біздің күрес түрінің алға қарай дамуына жаңа серпін беруге үлкен мүмкіндік болады. Осы мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтынын сездім, сол үшін барымды салдым. Тек алға жүріп, халқымды қуантқым келді. Құлақ сынды, қабақ жарылды. Бірақ, мақсатым алтын медаль жеңіп алу болды, — деді ол елге оралған сәтте.
Сондай-ақ әлем чемпионатында еркін күрестен Асылжан Есенгелді (60 келі), Нұрқожа Қайпанов (70 келі) қола жүлдегер атанды. Бапкерлер бекіткен құрамда Олимпиада, әлем және Азия чемпионатында жүлде алған тәжірибелі балуандар болды. Олармен қатар түрлі жас санатындағы ірі жарыстарда жоғары орындардан көрінген жас спортшылар кірді.
Таэквондо тарландары топ жарды
Ұзақ жылдан бері еліміздің таэквондо спортында жоғары табыстарға қол жеткізе алмай келді. Дегенмен білікті мамандарымыз шетелде еңбек етіп, онда шәкірттерінің Олимпиада және әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінуіне үлкен үлес қосқанын жасыра алмаймыз. Қазақстандық жанкүйерлер тәжірибелі маман Есбол Сұлтановтың Тунис құрамасында қызмет атқарғанын кезінен жақсы біледі. 2023 жылдан бері Тунисте еңбек еткен ол шәкірттерінің 2024 жылы Париж Олимпиадасында жүлде алуына көп еңбек сіңірді. Атап айтқанда, Фирас Катусси алтын алса, Мохамед Халиль Джендуби қола жүлдеге қол созды. Биылғы жылдың қаңтар айында ол Қазақстан құрамасының тізгінін ұстады. Білікті бапкер ұлттық құрамадағы спортшылардың дайындық барысына баса назар аударды. Алғашқы жылғы нәтиже жаман емес. Отандастарымыз 2021 және 2023 жылы өткен додаларда медальсіз оралған еді. Ең соңғы медаль 2019 жылы қоржынға түскен еді. Биыл Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық таэквондошылар екі жүлдемен оралды. Ел құрамасынан Айдана Құмартаева (46 келі) мен Нодира Ахмедова (49 келі) қос қола алып, жанкүйер қауымының жылы ықыласына бөленді.

— Ақпан айынан бастап үздіксіз оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Өткен жылғы Қазақстан чемпионаты мен халықаралық турнирлердегі нәтижелерді саралап, ұлттық құраманы жасақтадық. Сонымен қатар команда сапында буын алмасу процесі өтті. Әлем чемпионатында ұлттық құрама бұған дейін 2021 және 2023 жылы өткен додаларда медальсіз оралған еді. Ең соңғы медаль 2019 жылы олжаланған. Биылғы әлем біріншілігі спортшылар мен бапкерлер үшін оңай болған жоқ. Дегенмен спортшыларымыз жақсы ойын көрсетті. Осындай аз уақыт ішінде көп жұмыс істелді. Жаттығу бағдарламасын толықтай өзгерттік, — деді ұлттық құраманың бас бапкері Есбол Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында.
Ал таэквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан 2 алтын, 1 қола медальмен үздік үштіктің құрамына енді. Қазақстандық Бейбарыс Қаблан (87 келіден жоғары) мен Батырхан Төлеуғали (87 келі) Кения астанасы Найроби қаласында әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Оған қоса Тамерлан Тілеулес (63 келі) таеквондодан Әлем чемпионатында қола медаль иеленген еді.

Сондай-ақ мәнерлеп сырғанау шебері Михаил Шайдоров, конькимен жүгіруші Денис Никиша, фристайлшы Анастасия Городко және өзге де спортшылар үздік нәтижелерге қол жеткізді.
Жалпы, 2025 жылы еліміздің спорт саласында болған жоғары жетістіктер жанкүйерлер қауымының ерекше қошеметіне бөленді. Осындай толағай табыстар болашақта да жалғасын табатыны сөзсіз. Алдағы жылдың ақпан айында Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында Қысқы олимпиада ойындары жалауын көтереді. Ал сол жылдың 19 қыркүйек-4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында Жазғы Азиада болады. Оған қоса қыркүйек-қараша аралығында футболдан UEFA Ұлттар лигасы өткізіледі. Сондай-ақ отандастарымыз көптеген спорт түрінен әлемдік және құрлықтық бәсекелерге қатысады. Әрбір жарысқа тыңғылықты дайындық қажет. Сондықтан бұл бағытта тиісті іс-шаралар жалғасын табады.