2025 жылдағы бюджет тапшылығы белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «ҚР Ұлттық қорынан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары келіп түсті.

Экономика, финансы, бюджет, бизнес
Фото: freepik.com

«Аталған заң жобалары Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді және Үкіметтің қаулыларымен 2024 жылғы 28 тамызда Мәжілістің қарауына енгізілді. Ұлттық қордан 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің жылдық көлемі 2 трлн теңгені құрады. Кепілдендірілген трансферттің мөлшері мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін түсімдердің болжамды көлемінен аспайды», - деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы, 2025-2027 жылдарға арналған бюджет параметрлері, сондай-ақ ҚР Президентінің тапсырмалары негізінде әзірленді. 2025 жылы республикалық бюджет кірістерінің көлемі 21,7 трлн теңге, оның ішінде табыс -15,6 трлн теңге, Ұлттық қордан түскен трансферттер 5,3 трлн болады (кепілдендірілген трансферт - 2 трлн теңге және нысаналы трансферт - 3,3 трлн теңге).

«Шығыстардың жалпы сомасы 25,8 трлн теңге сомасында жоспарланған. Бұл ретте, 2025 жылы бюджет тапшылығы 4,1 трлн теңге деңгейінде айқындалды. Атап айтқанда, Мәжіліс комитеті аталған заң жобаларын талқылауға алуға және олар бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Т. Савельева.

Соңғы жаңалықтар