2025 жылы 515 жаңа БАҚ тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр еліміз бойынша 515 жаңа бұқаралық ақпарат құралы тіркелді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

2025 жылы 515 жаңа БАҚ тіркелді
Фото: Freepik

– Аудандық және қалалық газеттер қорларының сақталуына қатысты өңірлер бойынша талдау жасалды. Бүгінде елімізде 50 29 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында 515 жаңа БАҚ тіркелді. Барлық облыста аудандық және қалалық газеттердің міндетті тегін даналары кітапханаларда, баспасөз басылымдардың қорларында және жеке архивтерде сақталуда, - деді Олжас Бектенов жауабында.

Мәселен, Үкімет басшысының дерегінше, Алматы қаласында «Almaty aqshamy», «Вечерний Алматы» (1936 жылғы 28 сәуірден бастап шығатын) газеттерінің барлық санының тігінділері «Алатау ақпарат» ЖШС медиахолдингінде сақтаулы. Екі газеттің 1970-2021 жылдардағы сандары цифрландырылды. Цифрландырылған басылымдардың жалпы көлемі - «Almaty aqshamy» 3 306 газет, «Вечерний Алматы» 8 551 газет. Қалған кезеңдер бойынша цифрландыру жұмыстары жалғасып жатыр.

– Абай облысында 1943-2025 жылдар аралығында жарық көрген 16 газеттің 18 323 данасы сақтаулы тұр. Алматы облысында 16 газет, 4 журнал жұмыс істейді, жинақталған тігінділерді цифрландыру жұмысы қолға алынды. Ақтөбе облысында «Ақтөбе Медиа» ЖШС қарасты облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газеті 1924 жылдан, «Актюбинский вестник» газеті 1918 жылдан бастап шығып келеді. Осы газеттердің электрондық (PDF) форматтағы даналары өздерінің архив қорында сақтаулы тұр. Сондай-ақ, 12 аудандық газет жұмыс істейді, олар қазіргі таңда жекешелендіріліп, аптасына 1 рет шығады. Бұл аудандық газеттердің қорлары мемлекеттік кітапханаларға тапсырылған, - деді ол.

Үкімет басшысының атап өтуінше, Ақмола облысында шығатын газет саны – 40. 1941-2025 жылдарда жарық көрген 120 466 дана газет сақтауда тұр.Атырау облысында қалалық кітапханаға 1921-1922, 1930-2021 жылдарды қамтитын газеттер сақтауға алынған. Оның 9 983 беті цифрлық форматқа көшірілген. 1974-2025 жылдардағы газеттердің тігінділері фотосурет нұсқасында және электрондық форматта редакцияда сақтаулы.

– Астана қаласы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы газеттердің тігінділері баспасөз басылымдардың архивтерінде және кітапханаларда сақталуда, - деді Премьер-министр.

Бұған дейін «Бірыңғай медиа-платформа» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум