2025 жылы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі

Асқарбек Ертаев
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлерді міндетті аттестациядан өткізу, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

«Аймақтарда оңалту орталықтарының құрылысын жалғастыру жоспарлануда. Инклюзивті тұруға арналған әмбебап дизайн негізіндегі шағын сыйымдылықтағы үйлер желісін кеңейту де жоспарланған. Бұл қазіргі стационарлық жағдайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына балама ретінде қарастырылып отыр. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа кәсіби стандарттарды енгізу арқылы мүмкін болады. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі және олардың міндетті аттестациясы, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі», - деді вице-министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, әлеуметтік кодексті іске асыру аясында елімізде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту басталған.

«Семей, Тараз және Кентау қалаларында 150 орындық 3 оңалту орталықтары қолданысқа берілді. Еліміздің 6 өңірінде (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз және Қостанай) аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларға күндізгі болу орталықтары ашылды», - деді спикер.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде қанша мүгедек адам бары айтылды.

Сондай-ақ, 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленгенін хабарладық.

Одан бөлек, елдегі мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамту деңгейі небәрі 28%-ды құрайтынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram