2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары артады: студенттердің шәкіртақысы өседі
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары биылға қарағанда 794 млрд теңгеге артады. Бұл туралы Мәжілісте «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымында ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлім етті.

«Заң жобасы Бюджет кодексіне сәйкес, еліміздің 2029 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Бюджеттің параметрлері – кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны және бюджет тапшылығына қатысты қағидаларға сай келеді. 2025 жылға түсімдер 21,7 трлн теңге деңгейінде қарастырылып отыр. Трансферттерді есептемегенде, 2025 жылға арналған кірістер 15,6 трлн теңге немесе түсімдердің 73%-ын құрайды. 2025 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7% деңгейінде есептелген, ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9%-ға дейін төмендейді», - деді А. Бейсенбекұлы.
Оның айтуынша, бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары – түсімдер мен бюджет тапшылығын ескере отырып, 25,8 трлн теңгені құрайды, яғни биылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр.
«Мемлекетіміз үшін әлеуметтік саясат басым бағыт болып қалып отыр. 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары биылға қарағанда 794 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңгені құрады. Келесі жылы бюджет шығыстарындағы көп үлесі, яғни 38 пайызы осы әлеуметтік салаға тиесілі», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар – индекстеу мен төлемдерді алушылар санының ұлғаюын ескере отырып, 6 трлн теңге сомасында қарастырылған. Әлеуметтік төлемдерді индекстеуге және оны алушылар контингентін ұлғайтуға 626 млрд теңге бағытталады.
«Екінші басымдық – білім беруді дамыту. 2025 жылы бұл бағытқа шығыстар 2024 жылдың деңгейіне қарағанда 116 млрд теңгеге артып, 1 трлн теңгені құрайды. Шығыстардың өсуінің негізгі факторларына тоқталсақ, жоғары оқу орнының студенттеріне орта есеппен 15-20%-ға шәкіртақы мөлшері ұлғайтылады. Нәтижесінде, бакалавриат студенттері үшін шәкіртақының орташа мөлшері 52 372 теңгені, магистратураға 117 098 теңгені құрайды. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 78 мыңға жуық жас қазақстандықтың тегін жоғары білім алуына шығыстар қарастырылды. Жоғары оқу орындарында білім алушылардың жеңілдікпен жол жүру құнын ұлғайту ескерілген. Бір студентке жеңілдікпен жол жүру 15 728 теңгені құрайды. Бұдан бөлек, ғылыми атақтар үшін қосымша ақылар белгіленуіне байланысты ғалымдардың еңбекақысы өседі», - деді Абзал Бейсенбекұлы.