2025 жылы Алматы облысында су шайып кеткен 3 көпір жөнделеді
ҚОНАЕВ.KAZINFORM - Алматы облысының үш ауданында су деңгейінің көтерілуінен зақымданған көпірлерге күрделі жөндеу жүргізіледі.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, көктем, жаз мезгілдерінде тауларда қардың қарқынды еруіне және өзен арналарында су деңгейінің көтерілуіне байланысты автожолда орналасқан Талғар, Түрген және Қаскелең өзендері арқылы өтетін 3 көпірді су шайып, құрылысына зақым келген.
- Қазіргі уақытта аталған көпірлерге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба осы жылдың соңына дейін дайын болады, - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Алматы облысында 400 шақырымнан астам республикалық автожол жөнделетінін жазғанбыз.
Сондай-ақ Алматы облысындағы Қара шатқалға әйнектен аспалы көпір салынатынын жазған едік.