2025 жылы Астанада кәріз суын тазалайтын жүйе құрылысы салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада кәріз жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар шаруа іске асып жатыр. Толығырақ Астана бас жоспары ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас директоры Руслан Жақыпов айтып берді.  

2025 жылы Астанада кәріз суын тазалайтын жүйе құрылысы салынады
Фото: Дәулет Ізтілеу

«Қалада тәулігіне 254 мың текше метр кәріз суын тазарту құрылысы жұмыс істейді. Бас жоспарда 2025 жылы тәулігіне 188 мың текше метр кәріз тазарту құрылыс жайын салу көзделген. Терең тазартылған сарқынды су техникалық сумен жабдықтауға, жасыл-желекті суаруға және Есіл мен Нұра өзеніне бұру көзделіп отыр. Кешенді жоспарды іске асыру сапалы сумен қамту мен 126 шақырым су бұру желісін салуға және қайта құруға мүмкіндік береді», - деді Руслан Жақыпов елорда мәслихаты жанындағы қоғамдық кеңес отырысында.

Оның айтуынша, 2030 жылға дейін елордада су бұруға шамамен 500 млрд теңге қаражат қажет. 

Айта кетейік, бүгін Астана бас жоспары мекемесінің қабырғасында қоғамдық кеңес отырысы өтті. Ол жерде елорданың 2035 жылға дейін бас жоспарын іске асыру барысы талқыланды. Жобаның мақсаты – жинақы әрі тиімді қала құру. 

Еске сала кетсек, биыл жазда екі күн қатарынан толассыз жауған жауыннан кейін Астана көшелері су астында қалды. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде қаланың дренаж жүйесіне наразы екенін жарыса жазды, сондай-ақ Астана қаласы халық арасында Венеция атанған еді.

Сонымен қатар қаладағы су және кәріз жүйесі жаңғыртылып жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз. Кейбір кәріз жүйелері өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бері жөндеу көрмеген болып шықты. 

Соңғы жаңалықтар