2025 жылы Астанада ұлттық травматология және ортопедия орталығы салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада келесі жылы Ұлттық травматология және ортопедия орталығының құрылысы басталады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

«Астана қаласының әкімдігі жаңа ғимарат салуға Хусейн бен Талал көшесінен жер бөлді. Құрылысы 2025 жылы басталуы керек. Бүгінде ұлттық орталықты инфрақұрылыммен қамту мәселелері қаралып жатыр. Ұлттық травматология және ортопедия орталығы жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін бюджеттік өтініш берді», - деп жауап берді Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс бөлімінің директоры Әсел Артакшинова Kazinform агенттігінің тілшісіне.
Министрлік өкілінің айтуынша, ол биылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралады.
Еске сала кетейік, өткен жылы ақпанда елордада травматология және ортопедия орталығына ғимарат салуға жер табылмай жатқаны айтылды.
Сол кездегі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Айта кетсек, қазіргі Н.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы 1971 жылы салынған. Ғимараттың жалпы ауданы 24 356 шаршы метрді құрайды әрі тозығы жеткен.