2025 жылы балабақшалардың бәрі ваучерлік қаржыландыруға көше бастайды
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдан бастап қай балабақшаға бюджеттен қанша ақша аударылатынын ата-аналар шеше бастайды. Ваучерлік қаржыландыру тәсіліне негізделген жүйе қазір қанатқақты жоба ретінде үш қалада жұмысын бастады.

Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай мәлімет айтты.
«Ваучерлік қаржыландыру жүйесі қазіргі таңда Тараз қаласында қанатқақты режимде жұмыс істеп тұр. Енді Түркістан және Шымкент қалалары қосылады. Ал бүкіл республикаға масштабтау 2025 жылға жоспарланған. Оның өзінде әр өңірдің дайындық деңгейіне қарай енгіземіз. Сол дайындық деңгейіне қарай жүйеге қосу кестесін жасаймыз», - деді департамент директоры.
Министрлік маманы бұл жүйе мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етеді деп отыр.
«Министрлік дербестендірілген қаржыландыруға (ваучерлік қаржыландыру) көшу тетігін сынақтан өткізуде. Ата-аналардың мектепке дейінгі ұйымдарды дербес таңдауы және «қаражатты баланың соңынан ілестіру» қағидаты бойынша берілген ақшалай қаражатты ваучер арқылы мектепке дейін ұйымдарға аудару сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады деп күтілуде», - деді ол.