2025 жылы дәрі-дәрмек сатып алудан 85 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді
АСТАНА. KAZINFORM – Медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып жүргізілген дәл жоспарлау, өтпелі қалдықтарды талдау және сатып алу рәсімдерін оңтайландыру нәтижесінде 2025 жылғы дәрілік заттарды сатып алу қорытындысы бойынша бюджет қаражатынан 85 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қабылданған шаралар үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Үнемделген қаражат жыл ішінде емі тағайындалған пациенттерді қоса алғанда, дәрілік заттардың қосымша көлемін сатып алуға бағытталған.
Министрлік дерегінше, 2026 жылы СҚ-Фармация ЖШС 2 мыңнан астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды жоспарлап отыр. Медициналық ұйымдарға жеткізу қаңтардың алғашқы күндерінен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл жыл басынан бастап тұрақты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2025 жылы алғаш рет Бірыңғай дистрибьютор 21 млрд теңге көлемінде төмендетілмейтін қор қалыптастырды. Бұл қор дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің 2–3 айлық қажеттілігін жабуға және сұраныстың жоспардан тыс өсуіне жедел әрекет етуге арналған.
Аталған қордың есебінен 2025 жылғы тамыз және қараша айларында медициналық ұйымдардан жалпы сомасы 8,5 млрд теңге және 4,4 млрд теңге болатын қосымша өтінімдер жиналып, тиісті сатып алулар жүргізілді. Бұл шаралар жаңадан анықталған пациенттерді қамтамасыз етуге, сондай-ақ жекелеген дәрілік препараттар бойынша уақытша тапшылықты жабуға бағытталды.
- Қабылданған шешімдер қант диабеті, онкологиялық аурулар, ағзаны трансплантаттау және гемофилия сияқты әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша емнің үздіксіздігін сақтауға мүмкіндік берді. Жыл ішінде бірқатар медициналық ұйымдарда қант диабетін емдеуге арналған дәрілік заттарға қосымша қажеттілік туындап, бұл өтінімдер жедел тәртіпте қаралып, төмендетілмейтін қор есебінен дәрілер ауруханалар мен емханаларға уақтылы жеткізілді, - деп хабарлады министрліктен.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 382 трансплантаттау жасалған, оның ішінде 2025 жылы қосымша 31 жаңа пациент тіркелген. Министрлік мәліметінше, бұл пациенттер үшін дәрілік заттар шұғыл тәртіпте сатып алынып, жеткізілген.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік қамтамасыз ету саласында жеткізілімдердің тұрақтылығын, жоспарлау мен сатып алу процестерінің ашықтығын, сондай-ақ дәрілік препараттарды әрбір пациентке дейін нақты әрі уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі өзгерістердің жалғасып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бірыңғай дистрибьютор Қызылордаға дәрілік заттардың 91% жеткізіп берді.