2025 жылы жүк тасымалының көлемі 7,9% өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында барлық көлік түрімен жөнелтілген жүк көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 7,9% өсті. Есептік кезеңде жалпы 1,1 млрд тонна жүк тасымалданды. Кәсіпорындардың жүк тасымалынан тапқан табысы 5,7 трлн теңгені құрады.

2025 жылы жүк тасымалының көлемі 7,9% өсті
Фото: Qazstat

Жүк тасымалының негізгі үлесін теміржол көлігі алады – жалпы көлемнің 40,1%. Есептік кезеңде теміржол көлігімен 466,7 млн тонна жүк тасымалданды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,8% көп. Бұл тасымал түрінен түскен табыс 2,2 трлн теңгені құрады.

Автомобиль көлігімен 352,7 млн тонна жүк тасымалданды, табыс 1,4 трлн теңгені құрады. Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда автокөлікпен таымалданған жүк көлемі 2,8% өсті.

Құбыр арқылы тасымал көлемі 339,8 млн тонна болды. Осы сектордағы табыс 1,9 трлн теңгеге шықты. Тасымал көлемінің жылдық өсімі 15%.

Ұшақ арқылы 30,1 мың тонна жүк тасымалданды, ондағы жылдық өсім – 8,1%. Жүк тасымалынан кәсіпорындар 18,9 млрд теңге табыс тапқан.

Өткен жылдың 12 айындағы жүк айналымы 584,3 млрд тонна-километрді құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6% артты.

Аймақтық тұрғыдан 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында жүк айналымының өсімі: Астана қаласында (21,7%), Жетісу (49,8%), Атырау (45,1%), Абай (36,5%), Түркістан (29,3%), Маңғыстау (29%), Ақтөбе (12,5%), Павлодар (10,8%), Қостанай (10,8%), Батыс Қазақстан (9,2%), Алматы (9%), Қарағанды (8,5%), Қызылорда (8,1%), Солтүстік Қазақстан (3,9%), Ұлытау (3,4%) және Ақмола облыстарында (1,7%) байқалды.

Бұған дейін Қазақстан 2026 жылы 40 елмен халықаралық автожүк тасымалы квотасын келісіп қойғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар