2025 жылға дейін 4,7 трлн теңгенің индустриялық жобалары іске асырылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Арман Тоқтышақов «Жаңа Қазақстан» моделі сыртқы сын-қатерлерге қаншалықты бейім екені туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айының басында «Жаңа Қазақстан» тұжырымын жариялап, қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар шараны белгіледі.

Мұндағы экономикалық реформалардың аса маңызды бағыттарының бірі жүйелі индустрияландыру және жаңа жұмыс орындарын құру шараларына бағытталып отыр.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, қуатты өндірістік сектор экономиканың тұрақты дамуына тірек бола алады. Өндірісті кеңейту арқылы, соның ішінде сапалы жұмыс орындарын құру міндеті шешілуі керек», - деді сарапшы.

Экономист индустриялық саясатты күшейту Қазақстан экономикасының шикізат экспортына тәуелділігін төмендетіп қана қоймай, сыртқы экономикалық сын-тегеуріндерге төзімді ете түсетінін айтады.

«Қазіргі пандемия жағдайында ішкі өндірістің үлесін арттыру эпидахуалдың теріс салдарын тиімді еңсеруге ықпал етеді. Президенттің техникалық мамандарды даярлауға басымдық беріп отырғаны кездейсоқ емес. Ол үшін Қазақстанда әлемнің жетекші техникалық университеттерінің филиалдарын ашу тапсырылды.

Ресми дерек бойынша, 2021 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,8%, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 5,5% өсті. Шикізаттық емес секторларда инвестициялық белсенділік жоғары болып, оң өзгерістердің шешуші факторына айналды», - дейді Арман Тоқтышақов.

Экономист мемлекет индустрияландыру саясатынан түбегейлі бас тартпағанын, керісінше, оны заман талабына сай қайта өзектілендіргенін айтады.

«Индустрияландыруды әрі қарай дамыту шеңберінде Үкімет құны 4,7 трлн теңгеден асатын 254 жобаны іске асыруды көздеп отыр. Осы жобаларды орындау арқылы 2025 жылға қарай 46 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.

Металлургия, машина жасау және құрылыс саласындағы ірі кәсіпорындардың төңірегінде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді бағдарламасы ерекше назар аударуға тұрарлық. Бұл бағдарлама индустриялық саясаттың маңызды элементі болуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға негіз қалауға тиіс.

Осылайша, қуатты өндірістік секторға баса назар аудара отырып, индустрияны әртараптандыру экономикадағы негізгі саясатқа айналмақ», - дейді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар