2025 жылға дейін 6,4 мың шақырым су арнасы жаңартылады

«Су тапшылығы және су шығынын азайту мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта су шаруашылығының проблемалы мәселелері «Жасыл Қазақстан», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «2025 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі» ұлттық жобалар аясында шешіле бастады», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Мәселен, министр дерегінше, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай суару кезінде судың шығынын 4 текше шақырымға қысқарту, ал өнеркәсіпте тұщы су алу көлемін 1,3 текше шақырымға азайту жоспарланған.
«Республикада ұзындығы 21,5 мың шақырымға жуық 3,5 мың магистральдық арна бар. Оның 11,9 мың шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Оларды қайта жаңарту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2021 жылға дейін 5,6 мың шақырым арна қайта жаңартылды. 2025 жылға дейін қалған 6,4 мың шақырым арнаны қайта жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде судың жоғалуы 1,7 текше шақырымға азаяды», - деді Серікқали Брекешев.