2026 жылдан бастап әлеуметтік аударым берешегі 22 мың теңгеден асқандардың есепшоты ғана бұғатталады
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Арын Қайсар жаңа Салық кодексінде әлеуметтік аударым қарызы үшін шот бұғаттау тәртібі қалай өзгеретінін түсіндірді.

- Әр жұмыс істейтін адамның мемлекеттік зейнетақы қорына жинайтын ақшасы, әлеуметтік сақтандыру аударымдары бар. Оның бәрі әлеуметтік кодекспен реттеледі. Ол жерде бұғаттау жүргізілетін шекті сома көрсетілмеген. 10 теңге ме, 1000 теңге ме, нақты айқындалмаған. Аударым уақытылы төленбесе, есепшоты бұғатталады. Басқаша айтсақ, шығыс операциясы тоқтатылады. Ал салық берешегі болса, берешек сомасындағы ақшаға ғана бұғатталады. 10 мың теңге салық берешегі болса, 10 мың теңге бұғатталады, 100 мың теңге қарыз болса, 100 мың теңгеге бұғат қойылады. Өйткені салық кодексінде нақты сома көрсетілген. Әлеуметтік кодексте ондай сома көрсетілмеген, - деді ол комитеттің әлеуметтік желісі арқылы өткен онлайн баспасөз конференцияда.
Айтуынша, 2026 жылдан бастап әлеуметтік аударым берешегі де салық берешегінің тәртібімен қайтарылады.
- Салық реформасының аясында Әлеуметтік кодекстің осы тұсын да өзгерттік. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргідей 1 теңге әлеуметтік аударым қарызы болса да есепшотын бұғаттамаймыз. 6 айлық есептік көрсеткіш деген нақты соманы қойып отырмыз. Әлеуметтік аударым берешегі 6 АЕК-тен, 21 700 теңгеден асса ғана есепшот бұғатталады. Оның үстіне әлеуметтік аударым қарызының сомасы көлемінде ғана ақша бұғатталады. Бірақ бұл 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін қалыптасқан берешектерге ғана жүреді. Ал қазір берешегі үшін бұғатталған шоттар 2026 жылы бұғаттаудан босатылады деп түсінбеу керек, - деді Арын Қайсар.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында салық берешегі барлардың банктегі есепшотын толық бұғаттамауды тапсырған болатын.
- Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек, - деген еді Президент.