2026 жылдан бастап Алматы оқушыларына су үнемдеуді мектептен бастап үйретеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда балалар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру үшін сынып сағаттары өтеді. Бұл Kazinform сауалына жауап берген Алматының экология басқармасы хабарлады.

Биыл 28 сәуір күні қалалық мәслихат 2025–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Алматыдағы іс-қимыл жоспарын бекітті.
Бұл жоспарда көзделген қысқа мерзімді мақсаттардың бірі — «Жасыл мектеп» жобасын іске қосу. Ол бойынша 2026 жылы оқушылар арасында су үнемдеу тақырыбында сынып сағаттары өткізілетін болады.
— Мектепте оқушыларға табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың маңыздылығы түсіндіріледі, экологиялық мәдениет қалыптастырылады, сондай-ақ тұрмыста және мектепте су тұтынуды азайтудың практикалық тәсілдері талқыланады, — деп хабарлады экология басқармасынан.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті екенін айтқан еді.
Сонымен қатар 2024 жылы Алматы қаласына сапары барысында Мемлекет басшысы Алматыны сумен қамтамасыз ету жалпымемлекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өтті.
Бұған дейін Алматы мектептерінде сейсмикалық қауіпсіздік жөнінде сабақ өткізілетінін жазғанбыз.