2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығының сараланған ставкалары енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығының сараланған ставкалары енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
— Нақты секторға кредит беруді кеңейту мақсатында агенттік Ұлттық банкпен және Үкіметпен бірлесіп жүйелі шаралар қабылдады. Салық кодексі аясында фискалдық ынталандыру үшін өткен жылы Ұлттық банктің ноталарына корпоративтік табыс салығы енгізілді. Биыл мемлекеттік бағалы қағаздардан және басқа да өтімділігі жоғары активтерден банктердің кірістеріне салық салудың ерекше тәртібі енгізілді. 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығының сараланған ставкалары енгізіледі: корпоративтік кредиттеу бойынша 20 пайыз, тұтынушылық кредиттер және басқа да қызмет түрлері бойынша 25 пайыз. Банктердің капиталын және өтімділігін босату үшін шағын және орта бизнес қарыздары бойынша және синдикатталған қарыздар бойынша тәуекел-саралау 50 пайызға дейін, өтімділік нормативтері 0,9-ға дейін төмендетілді. Бұл 2,6 трлн теңге көлемінде өтімділікті босатты, — деді агенттік басшысы.
Оның айтуынша, банктердің кепіл саясатын жеңілдету үшін жылжымайтын мүлік және жер учаскелері бойынша өтімділік коэффициенттері арттырылды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары мен офтейк-келісімшарттар тұрақты кепіл болып танылды.
— Биыл маусымда Даму қорының базасында шағын және орта бизнес кредиттері бойынша Кепілдік беру қорын құру туралы заңнамалық түзетулер қабылданды. Қор банктердің 40 пайыз көлеміндегі жарналары есебінен қаржыландырылады. Бүгінгі күні 330 млрд теңгеге 1 892 кепілдік берілді. Ірі инвестициялық жобаларға кредит беру үшін заңнамалық деңгейде синдикатталған кредиттеуді дамыту жөнінде шаралар қабылданды. Бәйтерек қоры жанынан Синдикатталған кредит беру жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жобаларды қаржыландыру басталды. Банктерге ұзақ мерзімді қорландыруды беру үшін былтырдан бастап банктердің облигацияларына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау тетігі іске қосылды. Банктер нақты сектордағы 85 жобаға кредит беру үшін 207 млрд теңге тартты, — деді Мәдина Әбілқасымова.
Айта кетейік, Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің инфляцияны тежеу шараларын атады.