2026 жылдан бастап шағын бизнеске салық мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында халықпен және бизнес-қоғамдастықпен ақпараттық жұмыс жүргізіп жатыр. 

Қазақстанда салықтық тіркеудің жаңа қағидалары ұсынылды
Фото: freepik.com

27 тамыз күні Шымкентте жаңа Салық кодексінің 2026 жылдан бастап күшіне енетін нормалары талқыланған көшпелі семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төраға орынбасары Жаныбек Нұржанов пен салық әкімшілендіру мәселелеріне жауапты комитет сарапшылары қатысты.

Шымкент қаласында 26 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Өңірдің өндірістік секторы жалпы өңірлік өнімнің төрттен бірін құрайды, ал қызмет көрсету саласының үлесі шамамен 70 пайызды құрайды. Мұнда химия, түсті металлургия, мұнай-химия өңдеу және машина жасау салаларындағы ірі кәсіпорындар шоғырланған.

Семинарда кәсіпкерлер ең алдымен арнайы салық режимдерінің санын үшке дейін қысқарту мәселесіне назар аударды. Бұл жаңашылдық салық есебін жүргізуді жеңілдетіп, бизнес үшін әкімшілендіруді оңтайландырады. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жылына 4080 АЕК-ке дейінгі табысын заңды түрде рәсімдеп, табыс салығын төлемей, табысының 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік жарна аударуға мүмкіндік алады. Шағын бизнеске арнайы салық режимі ұсынылып, оның ең жоғарғы мөлшерлемесі 4 пайыз болып белгіленді, белгілі бір шарттар орындалғанда ол 2 пайызға дейін төмендейді.

«Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Есеп беру көлемі шамамен үштен бірге қысқарады, декларация жылына бір рет қана тапсырылады. Ережелердің сақталуын автоматтандырылған тәуекелдерді бағалау жүйесі бақылайды. Шағын қарыздар үшін кәсіпорындардың шоттарын автоматты түрде бұғаттау тәжірибесі тоқтатылды. Мұның бәрі бизнесті жүргізуді ыңғайлы етіп, экономикалық өсімді ынталандырады», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті төраға орынбасары Жаныбек Нұржанов.

Жаңа Салық кодексінің ережелері жеке сектордың дамуына қолайлы жағдай жасайды, әкімшілік кедергілерді азайтады және Қазақстанның салық жүйесіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, Қазақстанда салықтық тіркеудің жаңа қағидалары ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар