2026 жылдан бастап ұлттық стандартты әзірлеу мерзімі қысқарады
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап Қазақстанда стандарттар әзірлеу процесі толықтай цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің стандарттау және тауарлардың шығу тегі басқармасының басшысы Нұрбек Қазбек мәлім етті.

– «Е-стандарт» ақпараттық жүйесін құруды жоспарлап отырмыз. Жүйені цифрландыру процестің ашықтығын арттырып, стандартты әзірлеу барысында келісу мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша 2026 жылдан бастап стандарттарды әзірлеу рәсімін толық цифрландыруды жоспарлап отырмыз. Бұл, ең алдымен, ашықтықты қамтамасыз етеді. Екіншіден, стандарт жобаларын келісу рәсімі қағазбастылықтан арылады, – деді Нұрбек Қазбек орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қағаз форматында мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен және басқа да мүдделі тараптармен келісу 6 ай уақытты алады.
– «Е-стандарт» жүйесі аясында мерзімді қысқартуды жоспарлап отырмыз, – дейді спикер.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің өкілі Қазақстанда ұлттық стандарттарды онлайн қолдану мүмкіндігі барын еске салды.
– «ҚазСтандарт» РМК сайтында стандарттардың бірыңғай қоры бар. Онда кез келген ұлттық стандартты тегін алуға болады. Тек тіркеуден өтіп, Қазақстан Республикасының резиденті екенін растау қажет. Бірақ, шетелдік стандарттар ақылы, өйткені авторлық құқыққа сәйкес, тегін тарата алмаймыз, – деп түсіндірді Нұрбек Қазбек.
Айта кетейік, Қазақстанда өмір сапасының бірыңғай ұлттық стандарты енгізілуі мүмкін.