2026 жылдың І тоқсанынан кейін Астанадағы коммуналдық тарифтер өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада коммуналдық тарифтер 2026 жылдың І тоқсанынан кейін өсуі мүмкін. Бұл туралы қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысы Жандос Салимов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
- Президенттің тапсырмасы бойынша бүкіл коммуналдық тарифтерді 2026 жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін өсірмей ұстап тұру шарасы қолға алынды. Бұл – үлкен жұмыс. Оның ішінде мемлекет уақытша субсидиялайтын тарифтер бар. Ол тарифтердің субсидияланатын мерзімі бітсе, тариф көтеріледі деген сөз. Дегенмен ол тарифтер де 2026 жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін бүгінгі деңгейде сақталады. Одан бөлек өсуі жоспарланған тарифтер бар. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өсетіні бекітіліген тарифтер бар, мысалы. Ол тарифтерді де арнайы бұйрықпен бірінші тоқсанға дейін тоқтатып қойдық. Ал бірінші тоқсаннан кейін қай тарифтің нақты қанша пайыз көтерілетінін айта алмаймын, - деді Жандос Салимов.
Оның сөзінше, коммуналдық компаниялардан межелі уақыттан кейін тарифті көтеру туралы өтінімдер түсіп жатыр.
- Өтінімдерді қарап жатырмыз. Оның ішінде көп спецификалық көрсеткіштер бар. Инфляция мен индексацияға байланысты талаптар деген сияқты... Осылардың бәрін есептеп, қараймыз. Әрине, өзгерістер болуы мүмкін. Себебі уақыт өте келе заң бойынша, басқа да ережелер бойынша коммуналдық нысандардың ахуалын ойлауымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, әр субъектінің артында қызметкерлер тұр. Олардың жалақысы, басқа да шығындар бар. Бұл шығындардың құны да бір орнында тұрмайды. Сондықтан да өзгереді. Ал бірінші тоқсанның аяғына дейін ешқандай өзгеріс болмайды, - деді департамент басшысы.
Бұған дейін Астанадағы 13 коммуналдық компания 156,6 млн теңгені негізсіз тапқанын жазған едік.