2026 жылғы қысқы Олимпиадаға қалай билет сатып алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 50 күннен аз уақыт қалды. Дүбірлі дода 6-22 ақпан аралығында өтеді. Осы ретте жарыстарды трибунадан тамашалауды жоспарлап отырған жанкүйерлерге арнап Olympic.kz арнайы нұсқаулық әзірледі.

2026 жылғы қысқы Олимпиадаға қалай билет сатып алуға болады
Фото: ҰОК

Билеттерді сату тәртібі

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына билеттер тек цифрлық форматта сатылады. Ұйымдастыру комитеті билеттерді тарататын жалғыз ресми арналар – Олимпиада ойындарының ресми билет платформасы мен Халықаралық Олимпиадалық комитетінің ресми серіктесі On Location сайты екенін атап өтті.

Билеттерді басқа да қызмет көрсету орталығынан немесе жеке делдалдар арқылы сатып алу жарыстарға кіруге кепілдік бермейді және ареналарға кіргізбеу қаупін тудырады. Сондықтан бейресми жолмен билет алудан бас тартқан жөн. 

Билеттерді қайдан және қалай сатып алуға болады

Жекелеген спорттық сессиялар мен салтанатты рәсімдерге арналған билеттер Олимпиада ойындарының ресми билет сайтында сатылады. Ал билет пен қосымша қызметтерді қамтитын пакеттер тек On Location арқылы ұсынылады. Басқа авторизацияланған платформалар жоқ. 

Сатып алу үшін міндетті түрде тіркеуден өту қажет. Сатылымның алғашқы кезеңінде сұранысқа ие билеттерге қол жеткізу лотерея жүйесі арқылы жүзеге асып, жеңімпаздарға 48 сағаттық сатып алу мүмкіндігі берілді. 2025 жылдың көктемінен бастап билеттер ашық сатылымға шықты. Паралимпиада ойындарына билеттер бөлек сатылады. Сондай-ақ олардың бағасы айтарлықтай төмен.

Милан қысқы Олимпиада ойындары
Фото: olympics.com

Билет бағалары

Ойындардың баға саясаты барынша кең аудиторияға бағытталған. Ең арзан билеттердің құны – 30 еуро, бұл бағаға хоккей турнирінің іріктеу матчтарын көруге болады. Барлық билеттің 20 пайыздан астамы 40 еуроға дейін, ал 57 пайызы 100 еуроға дейін бағаланады.

Ең қолжетімді спорт түрлерінің қатарында:

– керлинг – 40-150 еуро,

– биатлон – 50-200 еуро,

– тау шаңғысы – 100-220 еуро.

Шорт-трекке билеттер 150-450 еуро болса, конькимен жүгіру спортын тамашалау құны 180-280 еуро тұрады. Көп көрермен жиналатын спорт түрлері – фристайл мен сноуборд. Кіру бағасы – 50-440 еуро аралығында.

Мәнерлеп сырғанау ең қымбат спорт түрлерінің қатарына кіреді. Билеттердің құны C санаты үшін 280 еуродан басталып, гала-көрсетілімде A санатындағы орындар 1 200 еуроға дейін жетеді. Негізгі жарыс сессияларында A санаты – 650-750 еуро, B санаты – 450-550 еуро.

Хоккей турнирі ең кең баға ауқымына ие. Іріктеу матчтары 30 еуродан басталса, жартылай финалдар мен қола жүлде үшін өтетін ойындарды тамашалау құны 200-500 еуро тұрады. Ерлер арасындағы финалға билеттер 450-1 400 еуро аралығында сатылады.

Милан қаласындағы «Сан-Сиро» стадионында өтетін ашылу салтанатының билеттері 260-2 026 еуро, ал Верона аренасындағы жабылу рәсімі 950-2 900 еуро шамасында бағаланады.

Билет түрлері мен орын санаттары

Билеттер жарыс күніне емес, жекелеген сессияларға сатылады. Көптеген іс-шарада бірнеше орын санаты бар.

A санаты – ең жақсы көрініс пен ең жоғары баға,

B санаты – баға мен сапаның оңтайлы үйлесімі,

C және D санаттары – ең қолжетімді, әдетте жоғарғы қабаттарда немесе бұрыштық секторларда орналасады. Кейбір спорт түрлерінде орын бекітілмеген билеттер қарастырылған, бұл олардың бағасын төмендетеді.

Билеттер форматы және ареналарға кіру

Барлық билет тек цифрлық форматта беріледі. Жарыстарға кіру Milano Cortina 2026 мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асады. Қосымша 2025 жылдың соңында қолжетімді болады. Кіруге арналған QR-код сессия басталуына 24 сағат қалғанда белсендіріліп, билет иесінің атына тіркеледі. Қағаз билеттер қарастырылмаған.

Қысқы Олимпиада
Фото: istockphoto.com

Сатып алуға байланысты шектеулер

Тіркелген әрбір пайдаланушы сатылымның барлық кезеңінде бір аккаунтқа ең көбі 25 билет қана сатып ала алады. Бір транзакцияда 10 билеттен артық алуға болмайды. Ал ашылу және жабылу салтанаттары сияқты ауқымды іс-шаралар мен кейбір спорт түрлері үшін бір аккаунтқа 4 билеттен артық сатып алуға рұқсат берілмейді. Билеттерді 16 жастан асқан тұлғалар сатып ала алады. 14 жасқа дейінгі балалар 18 жастан асқан ересек адаммен бірге кіреді. Сондай-ақ 4 жастан асқан әр балаға жеке билет қажет.

Билеттерді қайта сату

2025 жылдың желтоқсан айында билеттерді қайта сатуға арналған ресми платформа іске қосылады. Бұл – жоспар өзгерген жағдайда билетті заңды әрі қауіпсіз түрде өткізудің жалғыз жолы. Билеттер белгіленген бағамен сатылады және платформа қызметі үшін шамамен 5% комиссия алынады.

On Location қонақжайлылық пакеттері

Қонақжайлылық бағдарламасы жоғары деңгейдегі қызмет көрсету мен сұранысқа ие жарыстарға кепілдендірілген қолжетімділікті қалайтын жанкүйерлерге арналған. Пакеттердің құны 150 еуродан басталып, финалдар мен салтанатты рәсімдер үшін орналастыру мен трансферді қамтыған жағдайда 10 мың еуродан асып кетуі мүмкін.

Пакет түріне қарай оның құрамына белгілі бір санаттағы билеттер, басты кіреберіс, кейтеринг ұсынылатын лаундж-аймақтарға қолжетімділік, ал премиум нұсқаларда қонақүй мен көлік қызметі кіреді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қарапайым билет спорттық жарысты тамашалап, сапарын өз бетінше жоспарлауды қалайтын жанкүйерлерге арналған. Ал қонақжайлылық пакеттері финалдар, салтанатты рәсімдер, бірлескен топтар, жайлылық пен кепілдендірілген қолжетімділікті жоғары қоятын көрермен үшін тиімді шешім болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін конькимен жүгіруден қысқы Олимпиадаға Қазақстан құрамасынан кімдер қатысатынын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар