2026 жылы еліміз сутекті энергетиканы пайдалана бастайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда сутекті энергетиканы дамыту үшін институционалдық база қалыптастырылып жатыр. Толығырақ Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан айтып берді.

сутекті энергетика
Фото: freepik.com

Оның айтуынша, Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасын белсенді түрде ілгерілетіп жатыр. Бұл құжат технологияны сынақтан өткізуге, инвестиция тартуға, сондай-ақ саланың нормативтік және техникалық базасын қалыптастыруға мүмкіндік беретін бірқатар пилоттық жобаны іске қосуды көздейді.

– 2026 жылы бу-газ қондырғыларында сутекті пайдалана бастауды, 2027 жылы қоғамдық көлікте сутекті қолдану, ал 2028 жылы алғашқы сутек құю станцияларын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Ілияс Бақытжан.

Сондай-ақ министр орынбасары сутекті энергетика саласындағы алғашқы ірі жоба Маңғыстау облысында немістің Svevind Energy Group компаниясының қолдауымен іске асырылып жатқан Hyrasia One жобасы туралы айтты.

– Жоба жалпы қуаттылығы 40 ГВт болатын жаңартылатын энергия көзін салуды және жылына 2 миллион тоннаға дейін жасыл сутек немесе 11 миллион тонна аммиак өндіруді көздейді, – деп толықтырды вице-министр.

Оның мәлімдеуінше, алдын ала инженерлік әзірлеме кезеңі аяқталып, екі жылдық экологиялық сараптама жүріп жатыр. Болашақта бұл жоба 1800-ге дейін жұмыс орнын қамтамасыз етуі мүмкін.

Сондай-ақ министрлік халықаралық серіктестермен де жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Астанадағы сутекті дипломатия кеңсесімен диалог жолға қойылған. Сонымен қатар сумен қамтамасыз ету, су бұру, тасымалдау және сутекті Еуропалық одаққа экспорттау әлеуетіне қатысты зерттеулер жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, техникалық мәселелер сарапшылар деңгейінде де талқыланды.

Осы орайда вице-министр Қытаймен ынтымақтастықты ерекше атап өтті. Қазақстан China Energy корпорациясымен жұмыс істеп жатыр. Компания республикада сутек өндірісін жергіліктендіруге, EPC-келісімшарттарға және сутек кластерін құруға мүдделі. Сутекті энергетика бойынша бірлескен зертхананы құру жөнінде меморандумға қол қойылған.

Қазір Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде «Қазақстан Республикасының сутегі энергетикасын дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр.

Еске салайық, былтыр елімізде сутегі энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. 

Соңғы жаңалықтар