2026 жылы инфляция 12 пайызға баруы мүмкін – Азамат Әмрин

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин қосылған құн салығының мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру инфляцияға қалай әсер ететінін айтты.

2026 жылы инфляция 12 пайызға баруы мүмкін – Азамат Әмрин
Фото: Үкімет

- Бұл шаралар қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму болжамындағы инфляция болжамына қосымша 2,5-3 пайыз үстеуі мүмкін деп отырмыз. Сонда былтыр инфляция деңгейі 8,6 пайыз болса, соған 2,5 пайыз қоссақ, 2026 жылы инфляция шамамен 12 пайыз өсім болады. Бірақ бұл инфляция да қысқа мерзімді болады. Яғни, бір жыл көлемінде сақталады. Ал 2027, 2028 жылдары қалпына қайтып келеді. Бұл болжамды есептеудің барша модельдері растады, - деді -вице-министр.

Сондай-ақ, ол ұсынылған түзетулердің бәрін өңір-өңірде 2,5 мыңнан астам кәсіпкермен талқылап келгендерін еске салды.

- Реформа жасардың алдында бүкіл өңірлерге барып қайттық. Бизнес қауымдастықпен талқылау жұмыстарына 6 жұмыс тобы атсалысқанын білесіздер. Осы жұмыс аясында 2,5 мыңнан астам жеке кәсіпкермен және жеке шаруашылық басшыларымен кездестік. Олардың бүкіл ұсыныстарын тыңдап, жазып алдық. Қазір сол ұсыныстарды талқылау жүріп жатыр. Мәжілістің осы мәселеге байланысты құрылған жұмыс тобында да осы мәселелерді терең пысықтаймыз деп ойлаймын, - деді Азамат Әмрин. 

Еске салсақ, 20 ақпанда Мәжіліске Салық кодексінің түзетілген жобасы енгізілген еді. Бүгін сол құжатты пысықтайтын Мәжілістің жұмыс тобы іске кірісті.

Кодекстің жаңа редакциясындағы негізгі түзетулер мыналар:

➤ Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету – 20 000 АЕК (78,6 млн теңге) 3 800 АЕК (15 млн теңге) дейін; 
➤ Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру – 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;
➤ Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу – тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады

Соңғы жаңалықтар