2026 жылы Қазақстан QazTech базасындағы цифрландырудың платформалық моделіне көшеді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының QazTech электрондық үкіметінің ұлттық ақпараттық-коммуникациялық платформасына міндетті түрде көшуі керек.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландырудың платформалық моделіне көшу туралы Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінде Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен жиында мәлім болды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ұлттық холдинг пен компания өкілдері қатысты.
Кездесу барысында 2026 жылдың басынан бастап QazTech платформасынан тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізілетіні атап өтілді.
Цифрландыруды дамыту бір-бірінің қызметтерін қайталамай, тиімсіз бюджеттік шығынсыз, бірыңғай архитектура шеңберінде жүзеге асырылады.
Платформалық модельге көшу мемлекеттік цифрлық сервистер мен деректерді шоғырландыруға, артық ақпараттық жүйелер санын қысқартуға, сондай-ақ цифрлық шешімдер ауқымдылығын, қауіпсіздігі және технологиялық үйлесімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық ведомстволық ақпараттық жүйелердің QazTech платформасына көшу мерзімі анықталды, жүйелерді көшіруді аяқтау 30 қыркүйекке дейін жоспарланған.
- Біздің міндетіміз – цифрлық шешімдер бытыраңқы жобалар емес, жүйе ретінде жұмыс істейтін мемлекеттің орнықты, бірыңғай және тиімді цифрлық платформасын құру, — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.
Осыған дейін цифрлық трансформация карталары бір айда аяқталуы тиіс екені туралы жаздық.