2026 жылы қосымша 1 млн-нан астам адам МӘМС жүйесімен қамтылады

АСТАНА. KAZINFORM – МӘМС-ке қатысты жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі артады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау кезінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.

МӘМС
Фото: uralskweek.kz

- Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүмкіндігі мен міндеттемелерін ескере отырып, «медициналық көмектің Бірыңғай базалық пакетін» қалыптастыруды тапсырды. Ал одан өзге шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырған жөн. Әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір адамдар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс, - деді А. Әлназарова.

2027 жылдан бастап қаржыландырудың сақтандыру үлгісіне көшу үшін осы заң жобасының аясында мыналар көзделген:

  1. Медициналық қызметтердің бірыңғай базалық пакетінің енгізілуі әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау бөлігінде мемлекеттік кепілдіктерді кеңейтуге және медициналық көмек пакеттерінің түсінікті болуын қаматамасыз етуге, пакеттер арасындағы медициналық қызметтердің бір-біріне көшуін болдырмауға, сондай-ақ азаматтардың МӘМС жүйесіне толыққанды қатысуы үшін ынталандыруларуға мүмкіндік береді.
  2. Жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін (2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап) МӘМС жүйесіне жарналарды есептеу базасының жоғарғы шегін (10-нан 50 ЕТЖ-ға дейін) арттыру ұсынылады. Бұл өзгерістер барлық жалдамалы қызметкерлер мен оларға жұмыс берушілердің шамамен 9 пайызына немесе 508 мыңға жуық адамға әсер етеді. 
    Әлемдік тәжірибеде табыс деңгейі бойынша шектеу еш жерде қолданылмайды. Нәтижесінде, МӘМС жарналарының мөлшерлемелерін регрессивті салық салудан бірыңғай шкалаға көшірілмек.
  3. 2024 жылдың 7 ақпанында Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды және әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдерді жергілікті бюджеттен бөлуді тапсырды. Жергілікті атқарушы органдардың жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін тікелей жауапкершілігін ескере отырып, ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС-ке жарналарды төлеу шығындарын жергілікті бюджеттерге жүктеу көзделген. 

- Осы арқылы заң жобасында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен халықтың осал тобы санатындағы адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеу ескерілген. Осы шаралардың есебінен 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша бір миллионнан астам адам қамтылып, жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беріп, ұлттың жалпы денсаулығы мен әл-ауқатын арттырады. Бұл мехенизм жарналардың түсуіне қарамастан Қордың тарапынан «Д» және «Е» санаттарындағы адамдарға ай сайын сақтандырылған мәртебесі беріледі. Осы адамдар үшін әкімдіктердің төлемі медициналық көмекке жүгінген сәттен бастап және жыл аяғына дейін жүзеге асырылады. Аталған санаттағы адамдарды анықтау, сақтандырылған мәртебесін беру және сақтандыру жарналарын төлеу механизмі пысықталды, - деді министр.

Бұған дейін МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,3 млн адамның мәселесі қалай шешілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар