2026 жылы зейнетақы неге тек 10 пайызға ұлғаяды – Жұманғарин жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2026 жылы зейнетақы неліктен тек 10 пайызға артатынын түсіндірді.

зейнетақы
Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген вице-премьер зейнетақыны 10 пайызға ғана көтеру шешімі болжамды макроэкономикалық көрсеткіштерге байланысты болғанын атап өтті.

- Инфляцияның орташа деңгейі 9-10 пайызды құрайды деп болжадық. Сондықтан индекстеуді 10 пайыз қылып қалдырдық. Бүгінде бұл бюджетіміздің мүмкіншілігімен байланысты, - деді вице-премьер. 

Осы орайда тілшілер алдағыы уақытта индекстеуді арттыру мүмкіндігін қарастыру ықтималдығын сұраған еді. Оған вице-премьер түзету жоспарланбайтынын айтып, нақты жауап берді. 

- Арттыру болмайды, 10 пайыз қалады. Бұл бюджетте бекітілген, - деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы талқыланды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

Соңғы жаңалықтар