2027 жылдың соңына дейін тағы 68,2 мың балабақша орны ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін балабақшалардағы орын саны тағы 68,2 мыңға артады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлнара Искакова мәлімдеді.

балабақша
Фото: СҚО әкімдігі

Оның айтуынша, соңғы үш жылда елімізде Қадамдық жоспарға сәйкес, мектепке дейінгі 231,8 мың жаңа орын ашылған.

— Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады. Мәселен, 2027 жылдың соңына дейін тағы 68,2 мың орын ашылады, — деді спикер.

Министрлік қазір ваучерлік қаржыландыру пилотының нәтижелерін талдап, оны одан әрі кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар нормативтік-құқықтық және ақпараттық жүйелерді жетілдіру, тәуекелдерді басқару тетігін дамыту көзделген.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы 20 қала мен 23 ауданда, шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйымда іске асырылып жатыр. Жоба аясында 1,2 млн-нан астам ваучер берілген.

Айта кетейік, бұған дейін балабақшаға қабылдау үшін қандай құжаттар қажет екені хабарланды.