2027 жылғы 1 шілдеден көшіп келушілерге Қазақстанға кіру үшін электрондық рұқсат алу міндетті болады

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет қаулысымен көшіп келушілердің Қазақстанға келуі және болуы, елден кетуі мен көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидаларына өзгертулер енгізілді.

2027 жылғы 1 шілдеден көшіп келушілерге Қазақстанға кіру үшін электрондық рұқсат алу міндетті болады
Фото: Kazinform\ЖИ

Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 1 қарашадан бастап — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы мынадай өткізу пункттерінде: Ақтау халықаралық әуежайында, «Үрлітөбе» автомобиль өткізу пунктінде (Павлодар облысы), «Ауқатты» автомобиль өткізу пунктінде (Жамбыл облысы), «Атамекен» автомобиль өткізу пунктінде (Түркістан облысы) және «Нұрлы Жол» автомобиль өткізу пунктінде (Жетісу облысы), көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында: Астана және Алматы қалаларының халықаралық әуежайларында, көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, рұқсат ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;

2027 жылғы 1 наурыздан бастап — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қалған барлық өткізу пункттері арқылы кіру кезінде электрондық рұқсаттың болуын талап ету, бұл ретте көшіп келушіні кіргізуден бас тартылмайды, оған электрондық рұқсатты ресімдеу қажеттігі түсіндіріледі;

2027 жылғы 1 шілдеден бастап — кіруге электрондық рұқсаттың міндеттілігін ендіру, оның болмауы көшіп келушіні Қазақстан Республикасына кіргізуден бас тартуға негіз болады.

Растайтын құжаттары болған жағдайда, Қазақстан Республикасына келуге электрондық рұқсат алудан мына адамдар босатылады:

  • Шет мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың басшылары мен олардың отбасы мүшелері;
  • Шет мемлекеттер парламенттерінің, үкіметтерінің және халықаралық ұйымдардың мүшелері мен олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстан Республикасының құрметті консулдары мен олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерде, халықаралық ұйымдарда жұмыс істеуге жіберілген, тиісті мәртебесі бар дипломатиялық, қызметтік және халықаралық ұйымдар паспорттарының иелері, сондай-ақ Қазақстанда аккредиттелген шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері;
  • Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу куәліктерінің иелері;
  • Курьерлік парағы болған жағдайда дипломатиялық поштаны алып жүретін дипломатиялық курьерлер;
  • Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Жоғарғы Сотының, Үкіметі Аппаратының, арнаулы мемлекеттік органдардың, Қорғаныс министрлігінің және сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның шақыруымен келетін шетел азаматтары;
  • Он алты жасқа толмаған адамдар;
  • Алпыс бес жасқа толған және одан асқан адамдар;
  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өтпей, халықаралық әуежайлардың транзиттік аймағында болатын транзиттік жолаушылар;
  • Қазақстан Республикасының қолданыстағы визасы бар шетел азаматтары;
  • Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсаты немесе тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтары;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын деп танылған адамдар;
  • Баспана іздеуші адамдар;
  • Бас декларацияда (ұшу тапсырмасында) тиісті жазбасы бар әуе кемелері экипаждарының мүшелері;
  • Кеме рөлінде немесе одан алынған үзінді көшірмеде тиісті жазбасы бар теңіз және өзен кемелері экипаждарының мүшелері;
  • Әрбір рейске бекітілетін құрам тізімдеріне енгізілген пойыз, рефрижератор және локомотив бригадаларының мүшелері;
  • Тиісті қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) бар үкіметаралық фельдъегерлік байланыс қызметінің қызметкерлері;
  • Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тиісті қызметтік және іссапар куәліктері (нұсқамалары) бар күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды айдауылмен алып жүретін құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
  • Мемлекеттердің ресми мемлекеттік және үкіметтік делегацияларының мүшелері мен оларды ертіп жүретін адамдар;
  • Тиісті қызметтік куәліктері және ұйым басшылығы мен жергілікті атқарушы орган куәландырған атаулы тізімдері бар, Қазақстан аумағындағы трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін қызметкерлер;
  • Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларына мәжбүрлі (төтенше) қонған әуе кемелерінің жолаушылары;
  • Қазақстан Республикасының халықаралық теңіз порттарына мәжбүрлі (төтенше) кірген теңіз кемелерінің жолаушылары;
  • Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда іздестіру-құтқару операцияларына байланысты Мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдар;
  • Қазақстанның мемлекеттік органдарының шақыруымен гуманитарлық миссияларға қатысуға немесе төтенше жағдайлардың салдарын жоюға келген адамдар;
  • Шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Қазақстанға келетін медициналық көмек бригадаларының құрамындағы медицина ұйымдарының қызметкерлері;
  • Халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын, тіркемені қоса алғанда, рұқсат етілген жалпы салмағы 6 тоннадан асатын немесе пайдалы жүктемесі 3,5 тоннадан асатын жүк көлік құралдарының жүргізушілері;
  • Жолаушыларды халықаралық тасымалдайтын және Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жүретін, жүргізушінің орнын қоспағанда, 12-ден астам отыратын орны бар автобустардың жүргізушілері;
  • Жерлеу үшін қайтыс болған адамдардың мәйіттерін алып жүретін, оның ішінде транзитпен өтетін адамдар.