2027 жылы Қазақстан халқы 12 ауру бойынша тегін диагностикадан өте алады
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжілісте өткен брифингте тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қандай өзгерістер енгізілетінін айтып берді.

Оның айтуынша, қазір ТМККК аясында қазақстандықтар туберкулез бен АИТВ/ЖИТС секілді екі әлеуметтік маңызды ауруға күдік болған жағдайда консультативті-диагностикалық көмекті тегін ала алады.
– Бұл тізімге динамикалық бақылауға жататын 12 әлеуметтік маңызды және 22 созылмалы ауру кіреді. Біз МӘМС жүйесін енгізуде озық тәжірибелі елдерді зерттеп, мемлекеттік базалық пакетте болуы тиіс қызметтер тізімін бөліп алдық. Бұл базалық қызметтер пакеті деп аталатын болады, ал одан басқа қызметтер — сақтандыру пакеті ретінде қарастырылады, - деді А.Әлназарова.
Министр қазір осы тізімдердің пысықталмағанына байланысты қаржы ағындарының дұрыс бөлінбей жатқанын атап өтті.
– Мысалы, ТМККК аясында онкологиялық скринингтің бірінші кезеңі қолжетімді. Бірақ екінші кезеңі тек сақтандырылған пациенттер үшін ғана қарастырылған. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы осы тізімдерді нақтылап, медициналық қызметтерге, әсіресе, диагностикаға қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді. Жыл соңына дейін онкологиялық скринингтер бір пакетке – ТМККК пакетіне енгізіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызды аурулар қатарында туберкулез, АИТВ, гепатит, инфекция, онкология және сирек кездесетін аурулар бар. Сондықтан 12 әлеуметтік маңызды ауру бойынша диагностиканы кезең-кезеңімен 2027 жылға дейін базалық пакетке қосу ұсынылады, бұл оның сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан қолжетімді болуын қамтамасыз етеді, - деп толықтырды Денсаулық сақтау министрі.
Бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Үкімет сағатында адамдардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендегенін, МӘМС-ке қатысты берілген нақты ұсыныстар орындалмай отырғанын айтқан еді.
Өз баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда өлім азайғанын, өмір сүру ұзақтығы артып, саланы қаржыландыру көлемі артқанын айтып отыр.
Сондай-ақ, Ақмарал Әлназарова медициналық сақтандыруға қатысты жаңа заңнамада қандай өзгерістер болатынын айтып берді.