2027 жылы Транскаспий көлік бағытының жүк өткізу көлемі 10 млн тоннаға жетеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылға дейін Транскаспий халықаралық көлік бағытымен жүк тасу көлемін жылына 10 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл туралы Көлік саясаты департаментінің директоры Дінмұхамед Сембаев айтты. 

Транскаспий
Фото: primeminister.kz

— Бүгінгі таңда Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаны құрайды. Жалпы, соңғы 5 жылда ТХКБ арқылы тасымалданған жүктің көлемі 6 есеге артты. 2024 жылы жүк тасымалының көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті, — деді ол Қазақстанның экспорттаушылар форумында.

Сондай-ақ спикер алдағы 2 жылда бұл көрсеткішті 2 еседен астам өсіру жоспарланып отырғанын айтты.

— Статистикалық деректер көрсеткендей, бұл бағыт тек транзиттік функцияны ғана атқарып қоймай, қазақстандық өнімді экспорттауға және шетелдік тауарларды импорттауға белсенді түрде қолданылады. Бұл оны ұлттық экономиканы дамытуда негізгі арналардың біріне айналдырады. Аталған оң үрдіс алдағы жылдары да сақталады деп отырмыз. 2027 жылға дейін бұл көлік дәлізінің өткізу қабілетін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланған, — деді Дінмұхамед Сембаев.

Айта кетсек, Қазақстан көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға соңғы 15 жылда 35 млрд доллар инвестициялады.

Соңғы жаңалықтар