2027 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері 78,7 млрд долларға жетеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2027 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері 78,7 млрд долларға жетеді. Бұл туралы Мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты. 

бюджет
Фото: Kazinform

«Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңда мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026 жылы барреліне 41,0 АҚШ доллары, 2027 жылы барреліне 39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленді. Осыны ескере отырып, 2025-2027 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды. Нысаналы трансферттің көлемі Бюджет кодексінің 23-бабының талаптарын ескере отырып айқандалған. Жалпы, айтылған ережелерді ескере отырып, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 62,2 миллиард АҚШ доллары және 2027 жылға қарай 78,7 миллиард АҚШ доллары деңгейінде болжанады», - деді вице-министр. 

Оның айтуынша, республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің параметрлері де бюджеттік қағидаларды ескере отырып айқындалған. Республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқыны 2025-2027 жылдары 108,3-109,2 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды. Бұған дейін оның қарқыны 2023 жылы 121 пайызды құрады.

«Бұл ретте, республикалық бюджеттің шығыстары 2025 жылы 25,8 трлн теңге, 2026 жылы – 23,2 трлн теңге, 2027 жылы – 24,6 трлн теңге көлемінде жоспарлануда. Фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың деңгейі 2025 жылы тиісінше жалпы ішкі өнімге 2,7 пайызды және 7,3 пайызды құрап, 2027 жылы жалпы ішкі өнімге 1,9 және 4 пайызға дейін төмендейді деп болжануда. Үкімет бюджет саясатының ықтимал тәуекелдері туралы кешенді көріністі қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды жалғастырды. Бұл жұмыс бюджеттік тәуекелдер және мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы туралы талдамалық есеп аясында жүргізілді», - деді Азамат Әмрин. 

Соңғы жаңалықтар