2028 жылғы Олимпиада: Лос-Анджелесте әуе такси қызметі жоспарланып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Егер ұйымдастырушылар өз жоспарларын жүзеге асыра алса, 2028 жылғы Олимпиада ойындары кезінде көрермендер Лос-Анджелес аспанында саяхаттап, қаланың кептелістерінен аулақ жүре алады, деп хабарлайды ВВС.

Қаладағы үшінші Жазғы Олимпиада ойындарына жауапты LA28 ұйымдастыру комитеті Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде әуе такси қызметін көрсету мақсатында Archer Aviation компаниясымен серіктестік туралы жариялады.
Компания жанкүйерлерді спорт алаңдарына және кері тасымалдау үшін әуе аппараттары паркін пайдалануды жоспарлап отырғанын ресми түрде мәлімдеді.
— Біз адамдардың Лос-Анджелесте қозғалу тәсілін өзгерткіміз және Америкадағы көліктің болашағын қалыптастыратын мұра қалдырғымыз келеді. Мұны істеу үшін LA28 ойындарынан артық уақыт жоқ, — деді Archer Aviation компаниясының бас директоры және негізін қалаушы Адам Голдштейн.
Ұшатын такси идеясы салада бұрыннан талқыланып келеді. Оларды ұшыру 2024 жылғы Париж Олимпиадасында жоспарланған болатын, алайда әуе аппараттары Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінен қажетті сертификат алмаған. Осыған ұқсас жағдай АҚШ-та да қалыптасқан: Archer Aviation әлі Федералдық авиация басқармасынан (FAA) сертификат алмаған, яғни оның ұшақтары коммерциялық пайдалануға әлі дайын емес.
Егер компания 2028 жылғы ойындарға уақытында сертификаттаудан өтіп үлгерсе, әуе таксилері негізгі нүктелерді, соның ішінде аймақтың ірі олимпиадалық ареналарын байланыстырып, қала тұрғындары мен қонақтарына 10-20 минуттық рейстерді ұсына алады.
Әзірге мұндай сапардың ақысы қанша болатыны белгісіз, дегенмен, тұтынушылар әуе таксиіне мобильді қосымша арқылы тапсырыс бере алатыны белгілі.
Бұдан бұрын Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері де сыйақы алатыны хабарланды.