2028 жылғы УЕФА Суперкубогі Астанада өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — УЕФА Атқарушы комитеті Қазақстан астанасы Астана қаласын 2028 жылғы УЕФА Суперкубогі үшін матч өтетін орын ретінде бекітті.
УЕФА Чемпиондар лигасы мен УЕФА Еуропа лигасының жеңімпаздары кездесетін беделді матч «Астана Арена» стадионында өтеді.
— Астананы таңдауға Қазақстан футбол федерациясының спорттық инфрақұрылымды дамыту және Еуропа футбол қауымдастықтары одағымен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы кешенді жұмысы негіз болды. Қазақстанда мұндай деңгейдегі матчтың өтуі — отандық спорт үшін тарихи оқиға, — делінген Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
«Астана Арена» стадионын қайта жаңғырту және инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту арқылы нысан УЕФА-ның ірі еуропалық финалдарды өткізуге қойылатын қатаң талаптарына толық сәйкестендірілмек.
Еске салайық, мұның алдында 2027 жылғы 22 сәуірде Астанада Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) 51-конгресі өтетінін жазған едік.