2029-2030 жылдары Ұлттық қорды 100 млрд долларға толтыру керек – Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат берді. Ведомство басшысы BIZDIÑ ORTA подкастында салық реформасының мәнін түсіндірді. 

Ұлттық қор қаражаты
Коллаж: Kazinform; Freepik

— Біз бюджет дамуын көтермесек, ешқандай болашақ болмайды. Көбі Үкімет, Ұлттық экономика министрлігі тек қана салық реформасын көріп тұр, сол реформа арқылы өз жағдайын жасағалы жатыр деп ойлайды. Ол — мүлдем дұрыс емес, себебі бірінші бағыт — бюджеттік реформа. Президент бюджет кодексіне қол қойды, шешілген мәселе, - деді Серік Жұманғарин әңгіме барысында.

Осы орайда министр келесі жылы Парламентте басқа бюджеттік жоба қаралатынын мәлімдеді. 

— Салық реформасының мақсаты — салық философиясын өзгерту. Үкімет пен кәсіпкерлердің арасында жаңа әлеуметтік шарт жасасу, салық базасын көтеру. Қаржылық жүйені тұрақтандыру. Сонымен қатар Ұлттық қордан қаржы алуды азайтып, оның көлемін 2029-2030 жылдары 100 млрд долларға дейін толтыру керек, ол — болашақ ұрпаққа қалатын қаражат. Дағдарыс басталса, артымызда тек Ұлттық қор бар, басқа ештеңе жоқ. Үшінші мәселе, нақты секторды қаржыландыру. Биыл «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге көтеріп, қосымша 8 трлн теңге бөліп, нақты сектордың бизнес жобаларына қаражат бағыттап отырмыз. Біздің даму бюджетіміз — 2 трлн теңге, төрт есе көбейтіп отырмыз, яғни бұл — бюджеттен тыс ақша табу. Оған қосымша биыл 1 трлн теңгеге ақылы жолдар саламыз, 1 трлн теңгеге 585 шақырым жаңа теміржол саламыз және қолданыстағы теміржолдар жөнделеді. Сонымен қатар 19 млн шаршы метр тұрғын үй саламыз. Бизнес жобалар тиімді болса, алған қарызды бюджетке қайтарып береді, - дейді Үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, 9 сәуірде Мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Салық кодексінің жаңа жобасы бойынша салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқарады.

Еске салсақ, қосылған құн салығы салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болады.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі өсетін салаларды атады. 

Соңғы жаңалықтар