2029 жылға дейін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін нығайту және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында бірқатар маңызды тапсырма берді.
«Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек. Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі.
Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді.
Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігіне тоқталды.
«Ауыл аманаты” жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді», - деді ол.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін айтты.
«Қазіргі таңда бұл корпорациялардың ауыл экономикасына еш көмегі тимей тұр. Мен Жолдауымда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыру туралы тапсырма бердім. Үкімет және Президент Әкімшілігі бұл жұмыспен айналысып жатыр. Нақты нәтиже күтемін.
Осы корпорациялардың және “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ауыл инфрақұрылымындағы өзекті мәселелерді де атап өтті.
«Көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары жетіспейді.
Ал оңтүстік өңірде суару арналары мен ирригация жүйелеріне қатысты мәселе – өте өзекті. Тиісті инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қолдауға және инвестор тартуға мүмкіндігі артады.
Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізу қажет. Жалпы, Үкімет ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі керек», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президент төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыруды тапсырды.